«SANY Group» компаниясы Қазақстанның машина жасау саласына инвестиция құюға ниетті

None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - 9 желтоқсанда ҚХР-дағы ҚР Елшісі Шахрат Нұрышев «SANY Group» корпорациясының вице-президенті Ли Цзинцзинмен Қазақстанның машина жасау және көлік-логистикалық саласында инвестициялау мәселесін талқылады, деп хабарлады Қытайдан «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ли Цзинцзин ҚР Президентінің іске асырылып жатқан «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының және оның қытайлық «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасымен одан әрі түйісуі аясында Қазақстан инвестиция құю үшін тартымды нарық болып табылатынын атап өтті. Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын айқындау үшін тиісті мемлекеттік органдармен және әлеуетті әріптестермен келіссөз өткізу мақсатында таяу уақытта ҚР-дағы «SANY Group» компаниясы өкілдерінің сапарын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстандық дипломат, өз кезегінде, әңгімелесушіні шетелдік инвесторлар үшін инвестициялық климат және преференциялармен, Қазақстанда іске асырылып жатқан «ҚР мен ҚХР үкіметтері арасындағы индустрияландыру және инвестиция бойынша бағдарламаның» негізгі ережелерімен таныстырды.

Жаңартылған және баламалы энергетика, атап айтқанда жел және күн энергиясы саласындағы компания жұмысының бай тәжірибесін есепке алып, Шахрат Нұрышев «SANY Group» компаниясын Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне шақырды.

«SANY Group» компаниясы 1989 жылы құрылған. «Caterpillar», «Komatsu», «Hitachi» және «Volvo» кейін ірі әлемдік құрылыс арнайы техникасын өндірушілерінің 5-тігіне кіреді. Қызметкер саны 40 мың. Компанияда Германия, АҚШ, Бразилия, Үндістанда өндірістік желілері бар, әлем бойынша 28 филиалы, 106 дистрибьютор, 346 сервистік орталықтары жұмыс істейді.