АСТАНА. ҚазАқпарат – Амманда (Иордания) өтіп жатқан Азия чемпионатының ақтық сайысына шыққан 19 жасар Санжар Ташкенбай алғашқы алтын медальды жеңіп алды. Бұл туралы ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан боксшысы 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жапондық Аратаке Кадзумамен жұдырықтасты. Төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Санжар Ташкенбай жеңіске жетті. Осылайша ол Азия чемпионы атанды.
Еске салсақ, Санжар Ташкенбай мұның алдында үндістандық Говинд Кумар Саханимен жекпе-жек өткізді. Тартысты өткен жекпе-жекте бірінші раундта бес төрешінің үшеуі Санжар басым деп тапса, екінші кезеңде қазақстандық боксшы таразы басын түгелдей өзіне аударды. Оның үстіне, үндістандық спортшы ескерту алып, бір ұпайы шегерілді. Қорытынды есеп – 4:0 болған еді.
Бұған дейін Иордания астанасы Амман қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін ерлер арасында 9 қазақстандық алтын жүлдеге таласатыны хабарланған болатын.
Фото: sports.kz
Гүлнұр Ғазизқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті», «Сақшы» газеттерінен бастаған. «Дала мен Қала» республикалық қоғамдық-саяси апталығында тілші, жауапты хатшы болып істеді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі, «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы болды.
Ақпарат саласының үздігі.
«ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылғы 1 сәуірден бастап істейді. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары – қазақ редакциясының бас редакторы.