«Сапа жөніндегі үздік менеджер» байқауы өтеді

АЛМАТЫ. Тамыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қыркүйектің 1-і мен қазанның 15-і аралығында Алматы, Астана, Қарағанды, Өскемен, Тараз қалаларында дәстүрлі республикалық «Сапа жөніндегі үздік менеджер» байқауының аймақтық іріктеу турлары өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оны Халықаралық сапа менеджерлері мен аудиторлар қауымдастығы мен  «Интерсертифика-ОрталықАзия» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны ұйымдастырып отыр. Бұл шара бұған дейін халықаралық сапа форумы аясында өтіп келген болатын. Ұйымдастырушылар биылдан бастап байқауды форумнан тыс   өткізуді қолға алып отыр. Оған үміткерлердің өтініші ұйымдастырушылардың аймақтық өкілдігінде қыркүйектің 1-іне дейін қабылданады. Одан кейін Алматы, Астана, Қарағанды, Өскемен, Тараз қалаларында аймақтық іріктеу турлары өтеді. Одан сүрінбей өткендер қарашаның 12-сіндегі Бүкіләлемдік сапа күні Алматыда болатын ақтық сынға қатысады. Онда өткен жылы бірінші орынды Андрей Ким, екінші орынды Андрей Пичушин, ал үшінші орынды Елизавета Титова алған болатын.

Жалпы дәстүрлі«Сапа жөніндегі үздік менеджер» байқауының басты мақсаты - сапа менеджменті саласындағы мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге ықпалдасу. Сонымен қатар сапа менеджері мамандығының беделін көтеру. Оған сапа жөніндегі мемлекеттік органдардың уәкілдері мен Қазақстан,  Өзбекстан, Ресей елдерінің әйгілі  сарапшылары қазылар алқасының құрамында төрелік жасайтын болады.

Үміткерлерге қойылатын талаптар:  міндетті жоғары немесе орта кәсіби білім; сапаны басқару саласында  кемінде 1 жылдық тәжірибе. Түйіндеме (резюме) мен  жұмыс орнынан  кепілдеме хат. Конурсант байқаудың ұйымдастыру комитетіне  сондай-ақ, өзінің сапа менеджменті саласындағы жетістіктерін дәлелдейтін қосымша құжаттарын да ұсына алады. Бұл үшін үміткерлерге қосымша балдар берілмек.