Сапалы ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесімді қосқым келеді - Қанат Ислам
АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылы 1 наурыз күні Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында белгілі боксшы Қанат Исламның ұйымдастыруымен халықаралық деңгейдегі кәсіпқой бокс кеші өтеді.
Осыған орай белгілі кәсіпқой боксшы Қанат Ислам KAZINFORM тілшісіне жекпе-жек кешіне дайындығы мен жарыстың мақсаты туралы шағын сұхбат берді.
- Қанат мырза, алда кәсіпқой бокстан үлкен жекпе-жек кешін ұйымдастырасыз. Жарыстың басты мақсатына тоқталып кетсеңіз...
- Бокс кешіне 20 күн ғана қалды. Басты мақсатымыз – біріншіден қазақтың жас жігіттеріне, батырларына қолдау көрсету. Болашақ чемпиондарымыздың әлемдік аренаға шығуына жол ашу.
Екіншіден – жастарымызды спортқа тарта отырып, сау денелі, сапалы ұрпақ тарбиелеуге өз үлесімізді қосу. Қазір қаншама жастарымыз ішімдікке салынып, әртүрлі зиянды шегімдіктермен өздерін «улап» жүргенін көріп жүрміз. Біз осындай жарыстар өткізу арқылы жастарды спортқа тартып, болашақ чемпиондар дайындауды көздеп отырмыз.
Үшіншіден – алыс-жақын елдерден боксшылар шақыра отырып, спорт – достық пен бірліктің, татулық пен ұйымшылдықтың алтын қазығы екенін көрсете білу.
- Осыған дейін де Астана, Алматы қалаларында жарыстар ұйымдастырғаныңыз есімізде. Бірақ, бұл жолы араға біраз уақыт салып, бокс кештерін жалғастыруды қайта қолға алып жатырсыз. Бұл бокс кешінен бұрынғы жарыстардан қандай артықшықты көре аламыз?
- Менің жалпы бокста, яғни спортта жүргенімен 30 жыл болыпты. Соның соңғы 11 жылын негізінен Америкада өткіздім. Онда тек жұдырықтасып қойған жоқпын. Осы спорттың қыр-сырын оқыдық, үйрендік. Үйрене жүріп, жұдырықтаса жүріп, шәкірт тәрбиелеу, болашақта қазақ боксшыларынан чемпиондар шығару, қазақ спортының дамуына өзіміздің бір кісілік үлесімізді қосуды да естен шығармадық.
Енді, міне сол тәжірибемізді пісіріп, еліміздің спортын дамытуға жұмсасақ деген ниеттеміз. Бұл бокс кеші бұрынғы жарыстарға қарағанда маңызы жағынан да, деңгейі жағынан да аса салмақты болмақ. Себебі – біз қалааралық емес, халықаралық деңгейде ұйымдастырғалы отырмыз.
- Алда тағы қандай жарыстар өткізу жоспарда бар?
- Жоспарымыз көп, болашақта еліміздің әр аймағы мен ауылындағы қазақтың қарадомалақ балаларын спортқа баулу, тәрбиелеу, болашақ чемпиондар шығару басты мақсатымыз болып қала береді. Алдымен осы жекпе-жек кешін сәтті өткізіп алсақ деген ниеттеміз.
- Алдағы жекпе-жек кешіне шетелден қандай боксшылар келеді?
- Шетелден қандай боксшылар келетінін жақын арада нақтылап айтатын боламыз.
Боксшыларымыздың қарсыластарының дені өзге елден келеді. Қытайдан екі қазақ, бір қытай боксшысы қатысады. Жанкүйер ретінде келеміз деп хабарласып жатқан қандастарымыздың қатары да көп. Өзге де елдерден осы бокс кешіне қонақ ретінде, жанкүйер ретінде келеміз деушілер жиілеп жатыр.
Міне, осының барлығы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтің салиқалы саясатының арқасы дер едім. Көрші елдермен ынтымағымызды жарастырып отырған Президентімізге мың алғыс.
Соның арқасында көрші елдерден қаншама жанкүйерлер келейін деп жатыр. Сондықтан қазақ елін, бокс жанкүйерлерін алдағы бокс кешіне шақырамыз.
- Әңгімеңізге рахмет!