***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Халықтық IPO: оған кімдер қатысады?» атты мақала басылды. Мақалаға Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен өткен Үкімет отырысында көтерілген мәселелер арқау болған. Экономикалық даму және сауда министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде «Халықтық ІРО-ға» «ҚазТрансОйл» АҚ пен «КЕГОК» АҚ дайын деп іріктелінген. ІРО-ға үміткер компанияларды осы үдеріске дайындау негізгі 3 бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, алдын ала дайындық, акцияларды орналастыруға дайындық жүргізу, сонымен қатар акцияларды орналастыру шаралары белгіленіп отыр. Ал халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес тұрғындар тарапынан ағымдағы ІРО-ға сұраныс 100-200 млн. АҚШ долларына бағаланған.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, «Сапалы білім санмен өлшенбейді» атты мақала басылды. Онда кеше ғана елордада өткен білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясындағы мәселелер жөнінде жазылған. Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиевтың мәліметтерінше, Қазақстанда білім беру саласына мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарының саны қысқартылады. Сондай-ақ педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттерге шәкіртақыны екі есеге көбейту жоспарланып отыр. Ал педагогикалық мамандықтарға гранттардың саны 35-50 пайызға арттырылады. Бұл жайлы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санынан білуге болады.
***
«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Нұр Отан» және «Ханнара» партиялық байланыстар табысқа бастайды» атты мақала жариялады. Басылымның хабарлауынша, Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Корея Республикасы - стратегиялық әріптестер. Мұндай ізгі қарым-қатынасты екі елдің басшылары - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Оңтүстік Корея Президенті Ли Мен Бак берік қалыптастырды. Қос мемлекет энергетика, көлік, телекоммуникация технологиясы, мұнай өнеркәсібі, машина өнеркәсібі, атом энергетикасы және құрылыс салалары бойынша ынтымақтастық туралы маңызды құжаттарға қол қойған. Мәдениет пен білім салалары бойынша да түрлі байланыстар дамып келеді. «2010 жылы Оңтүстік Корея Республикасында Қазақстан жылы табысты өтті, ал үстіміздегі жылы қазақстандықтар Оңтүстік Корея Республикасының жылы аясында өзімізге бір табан жақын халықтың бай мәдениетімен жан-жақты әрі терең танысты»,-деп жазады басылым Бұл туралы «Айқынның» бүгінгі санында.
Аталмыш басылымның хабарлауынша, қазіргі кездегі адам саудасы көші-қон проблемаларымен тығыз байланысты болып отыр. Сонымен қатар жезөкшелікке тарту, жұмысқа пайдалану үшін адамдар саудаға салынады. БҰҰ-ның адам құқы жөніндегі жұмыс тобы 1980 жылдан бері әлемде адам ұрланудың 50 мыңға жуық оқиғасын зерттеген. Топтың жетекшісі Джереми Саркиннің айтуынша, әлемде әйелдер мен балалар көп ұрланады екен. Ұрланған әйелдер, негізінен, сексуалдық зорлыққа ұшырайды. Балаларға келер болсақ, оларды құлдыққа сату үшін ұрлайды. Бұл мәселе туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Адам саудасына қарсы акция» атты мақалада.
***
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Каспийді қазақ жалғыз қорғай ала ма?» атты мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, бес бірдей мемлекеттің тірлігіне береке кіргізіп отырған Каспий теңізі жақын болашақта жер бетінен жойылып кетуі мүмкін. Өйткені қанша жерден айтылып, мәселе көтеріліп жүрсе де, теңіз табанынан табылған көмірсутекті шикізаттың мол қорын игеру үшін жүргізіліп жатқан барлау-бақылау, өндіріс жұмыстары кезінде экологиялық талаптар қажетті деңгейде сақталмай отыр.
Сондай-ақ басылымның жазуынша, Петропавлдағы жүргізушілер бір аптадан бері қолдарына шелек алып, жанармай іздеуге мәжбүр. Жалғыз бұл қалада емес, біраз жерде жанармай дағдарысы басталып кеткендей. Өткен аптадан бері Алматыдағы ірі бекеттер жанармайдың АИ-92 және АИ - 80 маркаларын талонмен сатуды бастады. Тіпті мұнайшылар мекені Ақтаудың өзінде талонға көшкен. Сарапшылар бүкіл ел аумағында жанармай дағдарысы басталуы мүмкін деп жандырта түсуде. Бүгінде қоғам арасында қызу талқыланып жүрген бұл мәселе жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Делдел барда жанармай нарығы қарық болмайды» атты мақаладан білуге болады.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, қазақстандықтар алдағы уақытта дәрі-дәрмектерді толықтай мемлекеттің есебінен тұтынатын болады. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасынан осындай нәтиже күтілуде. Себебі мемлекетте амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласын жетілдірудің әлемдік тәжірибеге негізделген нақты жоспары бар.
Бұл жоспар жөнінде «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Право выбора и равный доступ» атты мақаладан білуге болады.