Сапалы вакцинамен аусылды 5 жыл ішінде ауыздықтауға болады - А. Мамытбеков

АСТАНА. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат -Сапалы вакццинамен аусылды 5 жыл ішінде ауыздықтауға болады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

Министрдің айтуынша, бүгінгі күні еліміздің бүкіл оңтстігіндегі төрт облыс:  Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары малдың аусыл ауруына байланысты буферлік аймақ ретінде жарияланған. «Бұл өңірлерден экспортты айтпағанда басқа аймақтарға ешқандай да мал өнімдері шығарылмайды. Бірнеше мыңдаған шақырым аумақ аусылға қатысты толық вакцинациядан өтуде. Біз алдағы уақытта осы буферлік аймақты тарылта түсетін боламыз», - дейді А. Мамытбеков.

Бұл ретте министр аусыл ауруымен күрес туралы айта келе, оған қарсы егілетін дәрілер сапасына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, халықаралық стандартты өндірістерге септескен сапалы дәрілер егілсе, бұл аусылмен күрестің сапасын да арттыратын еді. «Халықаралық ұйымдардың қорытындысына сәйкес сапалы вакцинамен жұмыс жасасақ, біз бес жылдың ішінде-ақ аусыл мәселесін шешіп тастар едік. Алайда, жиырма жыл бойы біз осы аса қауіпті аусыл ауруын еліміздің әр тұсында өршітіп отырмыз»,  дейді министр.