Сапалы жол құрылысы 100 нақты қадамның жүзеге асуына септігін тигізбек - Инвестициялар және даму министрі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешов Алматыға іссапармен келді. Сапар барысында министр Алматы-Қапшағай жол бөлігінің құрылысымен танысты.

Құрылыс барысын бақылай келе министр сапалы жол құрылысы 100 нақты қадамның жүзеге асуына септігін тигізетіндігін жеткізді.

Оның айтуынша, сапасы жоғары жолдардан ел экономикасына түсетін пайда шаш-етектен.

«Мұндай жолдар туризм мен сауданың дамуына септігін тигізеді. Алматы-Қапшағай, әрине тиімділігін көрсетеді. Бірақ онымен шектеліп қалуға болмайды. Елбасы 100 нақты қадамында көрсеткендей, біз «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізінің бір бөлігі болуымыз керек. Бұл Алматы облысының туризм мен тағам өнеркәсібімен қатар логистикалық болашағы. Бұл Алматы мен Алматы облысының үлкен көліктік торабы болмақ», - деді министр.

Әсет Исекешев Алматы маңында әуе хабын құру 100 нақты қадамда басымдық берілген бағыттардың бірі екендігін де атап өтті.

«Қазір соған байланысты бірнеше жобалар талқыланып жатыр. Соның негізінде тұжырымдама жасалады. Алматы әуежайын тек қана әуежай ғана емес, жүктер мен жолаушылардың мол тоғысқан халықаралық әуе хабына айналдыру керек», - деді министр.

Айта кетейік, Алматы -Қапшағай тас жолы 2016 жылдың аяғында пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстары үш бөлікте жүргізіліп жатыр. Болашақта тас жолдың 63 шақырымдық аумағы 6 жолақты болып салынып жатыр. Қалған 41 шақырым жол 4 жолақты болады. Жол цементбетон төсемімен 1 техникалық дəрежеде салынып жатыр.