Сапаны жақсарту үшін ең алдымен компаниядағы менеджмент жүйесін өзгерту керек - маманның пікірі

АЛМАТЫ. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бәсекеге қабілеттілікті арттыруда компаниялардағы топ- менеджерлердің рөлі өте зор. Өкінішке орай, олардың көбі әлі күнге дейін сапа мәселесіне жеткілікті көңіл  бөлмей келе жатыр.

Бұл туралы  Сапа көшбасшылары қауымдастығының Басқарма төрағасы Ерғали Бегімбетов ҚазАқпарат  тілшісіне берген сұхбатында айтты.

         «Бәсекеге қабілетті кәсіпорындардың аздығына  сапаға жеткілікті көңіл бөлмеу түрткі болып отыр. Көптеген компаниялар сапа жөніндегі менеджерді жалдап, арнайы бөлім құрса барлық мәселе шешіледі. Олар бәрін жасайды  деп санайды. Бұл үлкен қателесу. Егер бірінші басшы сапаның не екенін түсінбейтін болса, оны сезінбейтін болса  ешқандай департамент пен  ең үздік сапа менеджерлері де компанияға көмектесе алмайды. Сапаны жақсарту үшін алдымен менеджмент жүйесін өзгерту қажет. Ал оны тек бірінші басшы ғана өзгерте алады», дейді Ерғали Нұрланұлы. Оның пайымдауынша, қабілеттілік  жеңілдіктер арқылы жасалынбайды. ISO сертификаты бәсекеге қабілетті кәсіпорын құрғаныңа кепілдік бермейді. Оны үздіксіз жетілдіріп отыру қажет. Өкінішке орай, оған топ-менеджерлердің көпшілігінің білімі жетпейді. Бұл олармен сөйлескен кезде де айқын аңғарылады.

         2003 жылдан бері «Лондон Алматы» сақтандыру компаниясы» АҚ-да Басқарма төрағасы болып жұмыс жасап келе жатқан Е. Бегімбетовтің сөзіне қарағанда, Сапа көшбасшылары қауымдастығы  сапа мәселесімен шындап әуестенетін компаниялар үшін қарым-қатынас жасайтын алаң  болып табылады. Оның ай сайын өтетін мәжілістерінде сапа, техникалық реттеу және тағы басқа  салаларда арнайы баяндамалар жасалып,  компаниялар бір-бірімен ақпарат алмасып, ой-пікір бөліседі. Оған  сапа саласында консалтингтік қызмет жасап табыс табатын компаниялар мүше бола алмайды. Тек   өндірістік,  қызмет көрсету мен  қаржы және тағы басқа салаларда сапаны енгізіп, оны жетілдіріп, жоспарлау үдерісімен айналысып жатқан нақты компаниялар ғана кіре  алады. Оның өзінде де үміткерлер  алдымен сауалнама толтырып, онда өздерінің қауымдастыққа не үшін кіргісі келетінін, сапа дегенді қалай  түсінетінін және оның маңызын ұғындыруы қажет. Содан кейін   Басқарма  оларды мүше етіп қабылдау, қабылдамау  туралы өз  шешімін шығарады.