Сапарбаев Ақтөбе қаласындағы су тасқынына қарсы күрес жұмыстарымен танысты

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев төтенше жағдайлар қызметімен бірге өткен жылы су тасыған аумақтарды қарап шықты. Қазір өзен арналары кеңейтіліп, табаны тазартылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен Жаман Қарғалы өзеніне барды. Мұнда өзен арнасын тазарту, кеңейту, көпір салу жұмыстары жүріп жатыр.

«Соңғы екі тәулікте бір айлық мөлшерде қар жауды. Бірақ бұл су тасқынының қаупі күшейді деген сөз емес. Осы аптада күндіз күн жылы, ал түн аязды деп болжам жасалды. Бұл өте тиімді. Облыста соңғы 2-3 жылда көп жұмыс атқарылды. Бөгеттер салынып, арықтар тазартылып жатыр. Өңірде 2700-ге жуық адам құтқару жұмыстарына дайын. Техника да тексерілді. Өткен жылғы жағдай қайталанады немесе қайталанбайды деп кесіп айту мүмкін емес»,- деді Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов.
 

Бүгін тасқынның алдын алу жұмыстары кезінде Песчанка өзеніндегі көпірдің дайындығы қаралды. Бұл жерде де өзен арнасы тазартылып, кеңейтілді. Дегенмен өзен бойында газ құбыры өтіп жатыр. Егер қауіп төніп, су деңгейі көтерілсе, бұл жерде газ қысымы азайтылып, тағы да өзен арнасы кеңейтіледі, жағасы бекітіледі. Әрі су жүрген кезде көпір маңы тәулік бойы күзетіледі. Ал Ақтөбе қаласы, Қарғалы ауылдық округіндегі көпірде де байланыс сымы бар.

«Бәрін тазалап, ретке келтірсе, су тасымайды. Ал жөнделмесе бәрі болуы мүмкін. Бір апта уақытта көпір маңындағы байланыс сымын бұрып, өзен арнасын тазартуға, кеңейтуге мүмкіндік беру керек»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
 

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында өндіріс орны салған көпір бұзылып жатыр. Сонымен қатар, Жіңішке өзенінің арнасы тазартылып, бекітілуде. Мұның бәрі өткен жылы су тасқыны кезінде қиындық туғызған көпір, арналарға жатады.