Облыс басшысын қуанышпен қарсы алған орталық тәрбиеленушілері нысанның барлық бөлмелерін бірге аралап, жаңалықтарымен бөлісті. Бұл күні орталықта «Мейірім» жобасы аясында «Мейірім» отбасы ашылып, оның лентасын аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев пен Жамбыл облысының судьясы Ербол Ұлатайұлы қиды. Аталмыш отбасының арнайы бөлмелерін облыстық сот ұжымы әдемі жиһаздармен, керекті бұйымдармен жабдықтапты. Облыс әкімі сауапты іске атсалысқан азаматтарға өз алғысын білдірді.
Қонақтар шара барысында балаларды кәсіпке бейімдеу кабинеттерімен танысты. Жаңадан ашылған «Бриллиант» сұлулық салонында орталықтың қыздары шаш қию, тырнақ, бет әрлеумен айналысады. Жеке кәсіпкердік демеушілігімен жасалған салонда қыздар бет әрлеу, маникюр жасауға арнайы курстарды оқып, машықтаныпты. Бұдан соң өздеріне арнайы келген меймандарды балалар «Гаухартас» аспаздық студиясы кабинетін көруге шақырды. Аспаздық студиясы да жеке кәсіпкердің демеушілігімен толықтай жабдықталыпты. Мұнда балалар өз қолдарымен жасаған дәмнен ауыз тиюді ұсынды. Қонақтар ары қарай «Балалық шақтың шуақты қаласы» атты мерекелік концертті тамашалады.
«Қымбатты балалар! Сіздерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке атаулы халықаралық мерекелердің бірі ретінде дүние жүзінде аталып өтуде. Бұл сендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, тілектеріңді назарсыз қалдырмайтын күн. Өйткені еліміздің ертеңгі тірегі- бүгінгі осы бүлдіршіндер. Сондықтан да, жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім, жарқын болашақ сыйлау мемлекет қамқорлығына алынған. Балалар біздің болашағымыз. Бүлдіршіндердің жүзінен күлкі кетпей, жүректенрінен жылуы кетпейтіндей жағдай жасау – біздің борышымыз»,-деді Бердібек Сапарбаев.
Балалар мерекесіне арнайы келіп, ақжарма тілегін арнаған облыс басшысына орталық тәрбиеленушілері өз қолдарымен жасаған бұйымын сыйлады. Мұнан соң сөз алған орталық директоры Айжан Дүкенбаева да, облыс басшыларына рақметін айтып, демеуші болып, қол ұшын ұсынған азаматтарға алғысын жеткізді.
Айта кетейік, қара шаңырақта бүгінде 111 бала өсіп жатыр. Олардың әр қайсысы түрлі ұлттан болғанымен қазақ, орыс тілдерінде білім алады. Балалар ата-ана қамқорынан қағылғанмен, бұл орталықта арнайы отбасылық негізде тәрбиеленеді.