Облыстық штаб мәліметтері бойынша, ауданда болған оқиғадан 185 азамат зардап шеккен. Олардың 34-і ауруханаға жатқызылған. Сондай-ақ, 39 тұрғын үй, 20 коммерциялық нысан және 47 автокөлік өртенген.
Биылғы 7-13 ақпан аралығында Қордай, Қарасу, Ауқатты, Сортөбе бақылау-өткізу бекеттері арқылы Қырғыз Республикасына барлығы 23 131 адам өтіп, 21 261 адам кірген.
Ауылдарды тазалау жұмыстарына 250 адам және 53 дана техника жұмылдырылып, барлығы 680 тонна құрылыс қоқысы шығарылған. Қазіргі уақытта 55 дүкен, 3 дәріхана, 14 жанармай құю бекеттері және басқа да 30 коммерциялық нысан қалыпты жұмыс істеп тұр.
Жоғалған құжаттарды қалпына келтіру үшін Сортөбе ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы құрылды. Ол орталық арқылы бүгінге дейін 54 туу туралы куәлік, 48 жеке куәлік, балаларға арналған 1 193 балаларға арналған анықтамалық қағаздар, 15 жылжымайтын мүлік туралы құжат, 8 неке туралы куәлік, 1 паспорт берілген.
Сонымен бірге, 778 зардап шегуші отбасыға барлығы 57,2 тонна болатын қажетті заттар мен азық-түліктерден құралған гуманитарлық көмек көрсетілді. Мүлкіне залал келген азаматтарға жалпы 3,9 миллион теңге ақшалай көмек үлестірілген. Сондай-ақ, 17,5 тонна күріш, 40 тонна ұн, 7 тонна қант, 500 литр өсімдік майы және басқа да гуманитарлық көмек көрсетілген.
Қазіргі уақытта ауданда тұрақты жағдай сақталуда, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккен нысандарды, мүлікті, құжаттарды қалпына келтіру және елді мекендердегі қалыпты тіршілікті қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.