«Біз мемлекеттік сатып алуда тиісті заңнаманы ұстанамыз. Заңнамаға сәйкес ұлттық командалар қазақстандық тауармен қамтамасыз етіледі. Яғни біз барлық жабдықты, спорттық қажеттіліктерді отандық өндірушілерден сатып алуымыз керек», - деді Туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бұл Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін қолдау мақсатында жасалады.
«Одан бөлек, еліміздің заңына сәйкес ұлттық командаларға арналған құрал-жабдықтар бір көзден баламалы тәсілмен сатып алынады. Паралимпиадалық ұлттық командалар үшін сол әдістер бойынша сол өндірушілерден спорттық формалар сатып алынды. Егер нақты айтсақ, бұл – «ҚазСПО-N» «Zibroo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі», - дейді ол.
Еске сала кетейік, биыл қыркүйекте отандық спортшы Азиада спартакиада формасының сапасыздығын айтып, сынаған еді.
Кейін Туризм және спорт министрлігі Азиада спартакиадасы үшін отандық спортшыларға дайындалған спорттық форманың сапасына қатысты түсініктеме берді.