Сапасыз қызмет пен сапасыз тауарлар үшін айыппұлдар төленуі тиіс ? «Қазақстан тұтынушыларын қорғау» ұлттық лигасы

АСТАНА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінде елімізде сапасыз қызмет пен тауарлар үшін сотқа беріліп жатқан арыз-шағымдар азаюда.

Себебі халықтың осы саладағы сот қызметіне деген сенімі төмендеп келеді. Бүгін ҚР Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында «Қазақстан тұтынушыларын қорғау» ұлттық лигасы» қоғамдық қорының президенті Светлана Савченко осы мәселені қадай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, сапасыз қызмет пен тауарларды сатқан кәсіпкерлер заң алдында жауапсыз қалуда. «Меніңше, сотқа дейінгі және сот кезіндегі шығындарды өтеу мақсатында кәсіпкерлерге айыппұл салынуы тиіс. Ондай тәжірибе бүгінде әрбір дамыған елде қалыптасқан. Көрші Ресейдің өзі бұл жұмысты қолға алып, іске асырып келеді», - дейді С.Савченко. Қор президенті атап көрсеткендей, қазіргі кезде еліміздегі әрбір төртінші тауар мемлекеттік стандартқа сай емес. «Сондықтан «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» жаңа заң жобасында осы және басқа да мәселелерді бақылап, нақты іс атқаратын мемлекеттік органды белгілеп алу қажет», - дейді ол.