Сапасыз ұялы байланыс қызметін көрсететін операторларға айыппұл салу ұсынылды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігі байланыс сапасы үшін ұялы желінің операторларына айыппұл салуды ұсынды.

Бұл туралы бүгін Астанадағы Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Экономикалық саясат кеңесінің, партияның Сайлауалды тұғырнамасының «Инновациялық» экономика бағыты бойынша сараптамалық топтың бірлескен отырысында мәлім болды.

«Біз ұялы байланыстың сапасы бойынша жұмыс істеудеміз. Біз ұялы байланыс сапасын тексеруге мүмкіндік беретін арнайы жабдықталған автокөлікті көрсеттік. Атап айтқанда, бізге ұялы байланыс операторларына тиісті шараларды қолдануға мүмкіндік беретін заңнамалық нормалар жетіспейді»,- деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиев.

Осы орайда ол бүгінде Мәжілістің қарауында байланыс сапасын қадағалауға негізделген ұсыныстар қамтылған заң жобасы енгізілгенін атап өтті.

«Біздің ұсынысымыз сіздердің тараптарыңыздан қолдауға ие болады деп үміттенемін. Бұл тұрғыда сапасыз ұялы байланыс үшін айыппұл санкциялары қарастырылған. Бұдан әрі қарай байланыс сапасын арттырып, дамыту үшін техникалық қамтамасыз етумен қатар осындай тетікті ұсынып отырмыз»,- деп түйді А.Жұмағалиев.

Соңғы жаңалықтар