ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен әскери тәртіпті бұзған мерзімді әскери қызметті өткеріп жүрген үш сарбаз ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 652-бабы 6-бөліміне сәйкес айыпты деп танылып, олардың әрқайсысына 10 тәулікке қамауға алу түрінде әкімшілік жаза қолданылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, әскери бөлімде үш сарбаз жеке құрамды сапқа тұрғызу кезінде взвод командирінің «айнал» деген бұйрығын орындаудан бас тартқан. Сөйтіп олар қызмет мүддесіне елеулі түрді зиян келтірмегенімен, бастықтың бұйрығын қасақана орындамаған.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).