2011 жылы 17 мамырда жарияланған ҚР жоғары оқу орындарында, техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде оқуға Сара Алпысқызының білім грантын тағайындау туралы ережеге сәйкес байқау жеңімпаздары анықталған. Аталмыш іс-шара алғашқы рет ұйымдастырылған. Республика бойынша 72 талапкер білім гранттарының иегері атанды.
Сара Алпысқызының білім гранттары жетім балаларға, қамтамасыз етілмеген көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға, асыраушысынан айырылып, ата-анасының бірінің қамқорында қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында тағайындалған болатын.
Байқаудың бірінші кезеңі 2011 жылдың 15 маусым - 20 шілде аралығында облыс орталықтарында, екінші кезеңі 15-17 тамыз аралығында «Бөбек» ұлттық ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру орталығында өткізілген.
Байқаудың екінші кезеңіне республика бойынша барлығы 97 бала қатысып, 72-сі ЖОО-да, техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде білім алуға мүмкіндік алған, оның 53-і жоғары оқу орындарында, 19-ы колледжде білім алады. Грант иегерлерінің тізімі отандық ресми басылымдарда жарияланған.
Шара барысында еліміздің бірінші ханымы, «Бөбек» қайырымдылық қорының Президенті Сара Алпысқызы үлкен өмірге аяқ басқалы отырған жастарға өзінің аналық тілегін жеткізіп, адамгершілік құндылықтарын сақтай отырып, абыройлы азамат атануларын тіледі. «Адам өмірде өзінің адамгершілігімен, ешкімге жамандық ойлаймай, тек жақсы істерді атқаруымен құнды әрі абыройлы келеді. Сондықтан тек жақсы істерді атқарып, ұлтымыздың өнегелі азматтарының қатарынан табылуларыңды тілеймін», -деп атап өтті С.Алпысқызы.
Жастар да өз кезегінде Сара Алпысқызының жасап отырған қайырымдылығына алғыстарын білдіріп, қуанышты әсерлерімен бөлісті.
Анасынан ерте айырылған Қарағанды облысының Қарақаралы ауданынан келген Арайлым Мұрат та аталған білім грантына ілігіп, Қарағанды мемлекеттік Бөкетов атындағы университетте туризм мамандығы бойынша білім алғалы отырғандығын жеткізді. «Сара Алпысқызына деген алғысым шексіз. Бұл мен үшін үлкен сыйлық. Сабағымды жақсы оқып, маған артылған үмітті абыройлы ақтаймын деген ойдамын», -дейді А.Мұрат.
Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласып, отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетуде. Түн батқанда байқау жеңімпаздарының құрметіне мерекелік отшашу берілмек.