«Саран» шахтасында 57 жастағы кенші қаза тапты

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында «Саран» шахтасында 57 жастағы кенші қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шахта «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорны болып табылады. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қайғылы оқиға 24 наурызда болды.

«Саран» шахтасында 1965 жылы туған кенші тау-кен массасының құлауы салдарынан қаза тапты.

«Кәсіпорында комиссия жұмысын бастады. Жазатайым оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр», - деп жазылған «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ресми сайтында.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанова палатаның жалпы отырысында «АрселорМиттал Теміртау» келісімшарт аумағында көмір қабаттарының жоғары газдануы салдарынан қаншама шахтер қаза тапқанын тілге тиек етіп, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдаған болатын.

«1997-2021 жылдар аралығында «АрселорМиттал Теміртау» келісімшарт аумағындағы көмір қабаттарының жоғары газдануы себебінен шахталарда 130 адам қаза тауып, жарақат алды», - деді Гүлнар Бижанова.