Сарапшы: биылғы сайлау науқаны ашық саяси бәсекенің жаңа кезеңіне өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы сайлау науқанының алғашқы аптасы партиялар арасындағы саяси бәсекенің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Егер бұрын негізгі тартыс теледебаттар барысында байқалса, биыл ашық саяси полемика үгіт-насихат науқанының алғашқы күндерінен-ақ басталды. Бұл туралы «САЙЛАУ-2026: медиа және цифрлық платформалар» сараптамалық алаңында саясаттанушы Найла Мұхтарова мәлімдеді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Сарапшының айтуынша, қазіргі сайлау науқаны дәстүрлі үгіт-насихатпен ғана шектелмей, партиялардың бір-бірінің сайлауалды бағдарламалары мен бастамаларын ашық талқылауы арқылы ерекшеленіп отыр. Мұндай пікірталастар саяси бәсекенің сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Найла Мұхтарова сайлау науқанының алғашқы күндерінен-ақ бағдарламалық мәселелер бойынша пікірталастардың басталуы алдағы электоралдық науқанның мазмұнды әрі бәсекелі өтетінінің маңызды белгісі екенін атап өтті.

-Бүгінгі теледебаттар партиялардың тек сын айту қабілетін ғана емес, өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен қорғау деңгейін де көрсететін маңызды алаңға айналады. Бұл өз кезегінде сайлаушылардың саяси партияларға деген сенімін нығайтып, олардың саналы таңдау жасауына ықпал етеді, – деді саясаттанушы.

Сарапшының пікірінше, ашық саяси полемика мен бағдарламалық пікірталастар демократиялық саяси мәдениеттің дамуына серпін береді. Мұндай формат партиялардың қоғаммен ашық диалог орнатуына және электораттың сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған сараптамалық алаңда цифрлық дәуірдегі саяси коммуникацияның трансформациясы, сайлауалды үгіт-насихатта жасанды интеллектіні пайдалану, жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ электоралдық мінез-құлықтың заманауи үрдістері мен саяси партияларға қатысты қоғамдық күтулер талқыланды.

Осыған дейін саяси партиялардың ашық әрі жария бәсекеге көше бастағаны туралы жаздық.