«Құрылысшы емеспін. Сондықтан баспананы салуға жұмсалатын материалдар құнын бағалау үлкен қиындық тудырады. Дегенмен, құрылыс барысындағы шығынның басым бөлігі инженерлік желі мен коммуникациялар тартуға байланысты екендігін атап өткім келеді. Мұнан бөлек, жер учаскесінің 1 шаршы метрінің құны да әсер ететіндігі ешкімге дау тудырмайтындығы анық. Алайда, баспаналар өңірлерде салынатын болғандықтан қазіргі уақытта көзделген қаражат толығымен жеткілікті деп ойлаймын», - деді Нина Лукьяненко агенттік тілшісіне берген пікірінде.
Айта кетейік, кеше Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Құрылыс және өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаев қарғын судан жарамсыз болып қираған 1 үйді салуға қанша қаражат бөлінетіндігін мәлім еткен болатын.
«Қазіргі таңда бүкіл әкімдіктерден түскен ақпараттарды жинаймыз. Сол ақпарат бойынша жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен, одан кейін республикалық бюджеттен қаражат бөлеміз. 80 шаршы метрлік бір үйдің құнын 22 млн теңге деп бағалап отырмыз. Бір шаршы метрі - 281 мың теңге», - деген еді министр.