Сарапшы: Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы маңызды байланыстырушы елге айналып келеді

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан біртіндеп ашықтығы, есептілігі және бәсекелестігі жоғары саяси жүйеге қарай бет алып келеді. Berliner Zeitung басылымының геосаясат бөлімінің басшысы Николас Бутылиннің пікірінше, бұл — эволюциялық үдеріс.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Оның айтуынша, қазіргі саяси үдерістерді Қазақстанның 10 жыл бұрынғы жағдайымен салыстыра отырып бағалау маңызды.

— Жүйенің анағұрлым ашық, есеп беретін және бәсекелі бола түсетінін бақылау қызықты болады. Менің ойымша, бұл эволюциялық үдеріс, — деді Николас Бутылин.

Сарапшы азаматтардың елдің саяси өміріне белсенді қатысуына да назар аударды. Оның пікірінше, болып жатқан өзгерістер Қазақстанның жаңа саяси бағыты қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Бутылин Қазақстанның геосаяси орналасуына және оның халықаралық қатынастардағы рөліне де ерекше тоқталды.

— Қазақстан әртүрлі елдер мен мүдделер арасындағы өзіндік бір көпірге айналып келеді, — деді ол.

Сарапшының айтуынша, бүгінде Қазақстанда Ресей, Украина, Беларусь, АҚШ, Еуропа, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия және басқа да елдердің компаниялары мен инвесторлары жұмыс істейді.

— Журналистік тұрғыдан алғанда, бұл өте ерекше жағдай. Мұнда көптеген елдердің өкілдігі бар және Қазақстан олардың өзара іс-қимыл жасауына қолайлы алаңға айналып келеді, — деді Бутылин.

Ол мұнай, газ және уранды қоса алғанда, табиғи ресурстардың мол болуы, сондай-ақ Қазақстанның ірі экономикалық орталықтардың арасында орналасуы елдің шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығын арттырады. Бұл Қазақстан үшін өте маңызды екенін атап өтті.

Бұған дейін бельгиялық байқаушы Құрылтай сайлауы Орталық Азия үшін маңызды кезең екенін айтқан еді.