Сарапшы: Сайлау науқанында партиялар арасындағы пікірталас күшейді

АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы сайлау науқанында саяси партиялар арасындағы пікірталас жандана түсті. Бұл туралы саясаттанушы Талғат Қалиев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «САЙЛАУ-2026: медиа және цифрлық платформалар» сарапшылар алаңында айтты.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Сарапшының сөзінше, қазіргі сайлау науқаны алдыңғы электоралдық кезеңдерден өзгеше өтіп жатыр. Егер бұрын негізгі назар өңірлердегі сайлаушылармен және цифрлық ақпараттық кеңістіктегі үгіт-насихатқа аударылса, қазір партиялар арасындағы пікірталасқа да көбірек мән беріле бастаған.

— Үгіт-насихаттың алғашқы күндерінің өзінде саяси күштер арасында пікірталас басталды. Онда парламент жұмысының тиімділігі, кәсіпкерлердің мүддесін қорғау және бизнестің саясаттағы рөлі талқыланды, — деді Талғат Қалиев.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

 

Оның пікірінше, бұл саяси бәсекенің күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

— Партиялар өз бағдарламаларын ұсынып қана қоймай, қоғам дамуының өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарын ашық қорғауға дайын екенін байқатып отыр, — деді саясаттанушы.

Еске салайық, бүгін Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) алаңында сайлауалды науқандағы жасанды интеллектінің рөлі, цифрлық технологиялардың ықпалы және фейк ақпаратпен күрес мәселелері талқыланып жатыр.