Сарапшы Жаңа Конституция жастарға қандай мүмкіндіктер беретінін түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Жастар — үлкен электоралдық ресурс, ал олардың саяси белсенділігі жаңадан сайланған Құрылтайдың легитимділігін арттырады. Бұл туралы Jastar X диалог алаңында заң ғылымдарының докторы, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов айтты.

Фото Жамаладен Ибрагимовтің жеке мұрағатынан

Сарапшының айтуынша, жастар — бүгінде қоғамдық үдерістерге ықпал ететін негізгі күштердің бірі.

— Жастар, біріншіден, үлкен электоралдық ресурс. Екіншіден, олардың саяси белсенділігі бүгін сайланған Құрылтайдың легитимділігін арттырады. Сондықтан жастардың белсенділігі қалыпты деңгейде болды деп айтамыз, — деді Жамаладен Ибрагимов.

Оның сөзінше, жастар сайлауға қатысу арқылы мемлекеттің алдағы бірнеше жылдағы стратегиялық дамуына қатысты өз таңдауын жасады.

— Жастар бұл сайлауға қатысу арқылы мемлекетіміздің алдағы бірнеше жылдағы стратегиялық дамуы үшін дауыс береді. Өйткені жүргізіліп жатқан реформалар мен мемлекеттік деңгейдегі өзгерістердің барлығы жастарға бағытталған. Кез келген реформаның нәтижесін белгілі бір кезеңнен кейін көреміз. Ол бес немесе он жыл болуы мүмкін, — деді профессор.

Жамаладен Ибрагимов жастардың саяси науқанға түрлі бағытта қатысқанын атап өтті. Оның айтуынша, жастар волонтерлік қозғалыстарға атсалысып, сайлау науқанына көмектесті, үгіт-насихат жұмыстарына үлес қосты.

Сонымен қатар жастар теледебаттардағы онлайн дауыс беруге қатысып, онда көтерілген мәселелерге қызығушылық танытқан. Өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, жекелеген мәселелерге сыни көзқарасын да жеткізген.

— Жастар саяси науқанға түрлі бағытта қатысу арқылы мемлекеттің қарқынды дамуына өз үлесін қосты деп айтамыз. Орталық сайлау комиссиясы толық қорытындысын жариялайды деп ойлаймын. Дегенмен біздің пайымдауымызша, жастар бұл сайлауда өте белсенді болды, — деді сарапшы.

Профессор өзі сабақ беретін студенттердің сайлауға қатысуын да мысалға келтірді.

— Университетте сабақ беремін. Өзім білім беретін студенттердің барлығы дауыс берді. Заң факультетінде сабақ бергендіктен, олардан сайлауға қатысты көзқарасын сұрадым. Олар «Конституцияның 33-бабында азаматтардың сайлау құқығы белгіленген. Бұл құқықты кез келген азамат өзінің парызы ретінде орындауы керек. Бірақ ол міндет емес. Адам өзі шешеді. Сайлау құқығын жүзеге асыру үшін өзі барып, дауыс береді» деп жауап берді. Осы тұрғыдан алғанда, жастар жақсы деңгейде дауыс берді деп айта аламын, — деді Жамаладен Ибрагимов.

Сарапшы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияда жастардың құқықтарына қатысты бірқатар норма бекітілгеніне де тоқталды. Оның сөзінше, соның бірі — 21-бапта көзделген азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау.

— Бұл — Конституциямыздың әлемдік деңгейдегі ерекшеліктерінің бірі. Халықаралық сарапшылар біздің Конституцияны өзге елдердің конституцияларымен салыстырып, цифрлық құқық пен цифрлық нормаларға қатысты мұндай ережелер әлемнің көптеген мемлекетінде жоқ екенін айтады. Олар кейде бізге «Жасанды интеллектіні толық меңгеріп, зерттемей тұрып, бұл бапты қалай қорықпай енгізіп жатырсыздар?» деп таңғалады, — деді ол.

Профессор цифрлық құқықтардың жастар үшін маңызына да тоқталды.

— Жастардың басым бөлігі әлеуметтік желілер мен цифрлық технологияларды пайдаланады. Осы тұрғыда мемлекеттік уәкілетті органдар олардың құқықтарын қорғайды, яғни әр азаматтың жеке мәліметтері мемлекет тарапынан қорғалады. Бүгінде азаматтың жеке құқығы қорғалып қана қоймай, оған кепілдік те беріледі. Азамат өзі, отбасы және жеке өміріне қатысты мәліметтердің жарияланбауын талап ете алады. Белгілі бір жағдайда өзі туралы мәліметтер ресми деректерде жарияланса, оларды өшіртуге құқығы бар, — деді сарапшы.

Жамаладен Ибрагимов жастардың сайлау құқығы мен қоғамдық-саяси өмірге араласу мүмкіндіктері туралы да айтты.

— 18 жасқа толған кез келген жас сайлау құқығына ие болады. Сондай-ақ 18 жастан мемлекетімізде құрылған жаңа орган — Халық кеңесіне мүше бола алады. Халық кеңесі — Конституцияда көзделген жаңа консультативтік орган. Ол халықтың, аймақтың, қоғамның мүддесін Құрылтайға жеткізе алады. 20 жастан бастап жергілікті өкілді орган — мәслихат сайлауына қатыса алады. Ал 25 жасқа толған азаматтар Құрылтайда өз мандатын ала алады, — деді профессор.

Оның айтуынша, сайлау қорытындысы бойынша Құрылтай мандатын алған азаматтар 28 тамызда өз орындарын алады деп күтіледі.

Бұған дейін Құрылтай сайлауында 4 миллионға жуық жас дауыс бергенін жазған едік.