Сарапшылар Азияның қор нарықтарының құлдырау себептерін атады

АСТАНА. KAZINFORM – Astana Finance days конференциясында инвестициялар саласындағы экономистер Kazinform агенттігіне Азия қор нарықтарының құлдырауының ықтимал себептерін атады.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Lazard Asset Management LLC Басқарушы директоры Маттиас Крузе Азияның қор нарықтарының құлдырау себептері ретінде «сarry trades» (әртүрлі пайыздық мөлшерлемелер арқылы валюта нарығында пайда табу стратегиясы) маңыздылығын және құлдыраудың ықтимал триггері ретінде жапон нарықтарының төмен кірістілігін айтуда.

Оның айтуынша, Жапониядағы кірістілік деңгейі АҚШ және Еуропа нарықтарымен салыстырғанда өте төмен болып қала береді. «Carry trades» басқа жерлерде жоғары кірісті активтерге инвестициялау үшін Жапония сияқты төмен пайыздық мөлшерлемелері бар елдерден қарыз алуды да қамтиды. Дәл осы тәжірибе нарықтық көпіршіктердің пайда болуына әкелуі мүмкін.

AIX (Astana International Exchange) директорлар кеңесінің төрағасы Тимоти Беннетт керісінше, Жапония Азияның қор нарықтарының құлдырауына еш әсер еткен жоқ деп санайды. Оның себебі Қытай экономикасының баяулауынан көрінеді.

«Қаржы нарықтары көбінесе нақты экономиканы көрсетеді. Қытайдағы баяулау әлемдік экономиканың ауқымды баяулауын білдіреді», - дейді Беннетт.

Сонымен бірге, Т.Беннет Қытай ішіндегі негізгі секторлардағы қысымның артып келе жатқанын себептердің бірі ретінде көрсетті. Нарықтың құлдырауы – жұмсақ ақша-несие саясатынан қатаң саясатқа жаһандық ауысудың нәтижесі. Жапония ондаған жылдар бойы төмен пайыздық мөлшерлемелерді сақтағаннан кейін қазір ақша-несие саясатын біртіндеп қатайтуға бет бұруда.

Т. Беннеттің айтуынша, бұл биржалардағы ауытқуларға әсер етуі мүмкін, бірақ бұл Азия қор нарықтарындағы соңғы құлдыраудың негізгі драйвері емес.

Қаржы сарапшылары жақындағы құлдырау Азияның негізгі экономикаларындағы тереңірек құрылымдық проблемалардың көрсеткіші болуы мүмкін екенін айтуда.

Еске сала кетсек, тамыз айында бірқатар БАҚ Азияның қор нарықтарының құлдырауы Еуропаға тарады деп жазған еді.