Сарапшылар қазақстандық астық экспортындағы кідірістің себебін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай және Өзбекстан бағыттарында қазақстандық астық тиелген вагондардың тұрып қалуы байқалып отыр. Мұндай жағдай биылғы рекордтық өнім көлемі мен көрші елдер тарапынан сұраныстың күрт өсуімен байланысты.
«Астық Транс» АҚ вице-президенті Жандос Қуанышев астықты экспортқа жеткізу кезіндегі уақытша қиындықтардың негізгі себептерін түсіндірді. Оның айтуынша, қазақстандық астықтың шамамен жартысы Өзбекстанға экспортталады. Алайда қазіргі кезде өзбек терминалдары мен элеваторларының өткізу қабілеті төмендеп, тәулігіне қабылдайтын жүк көлемі 36 құрамнан 30-ға дейін қысқарған.
«Сол себепті Қазақстан өз бағыттарында қозғалыстың тоқтап қалмауы үшін жөнелтулерді уақытша шектеуге мәжбүр. Шекараның арғы бетіндегі уақтылы түсірілмеу жолаушылар мен ішкі тасымалдардың жүруіне кедергі келтіруі мүмкін», – деді Жандос Қуанышев.
Осыған ұқсас жағдай Қытай бағытына да тән. Қазақстандық экспорт көлемі Қытайдың қайта тиеу инфрақұрылымының өткізу мүмкіндігінен асып түсуде.
Бұған қоса, шекарада астық сапасын анықтайтын зертханалардың болмауы қосымша кідіріс туғызады, талдауларды Үрімшіге немесе Бейжіңге жіберуге тура келеді, бұл жүктің рәсімделу уақытын созады.
«Қазақстан темір жолы» компаниясы астық тасымалын ерекше бақылауда ұстап отыр. Ведомство мәліметінше, жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Үкімет экспорт ағындарын қайта бөлу тетіктерін әзірлеуде, оның ішінде қашық маршруттарға тасымалдау субсидиялары қарастырылуда. Сондай-ақ жүктің бір бөлігін баламалы бағыттарға жөнелту жоспарланып отыр, бұл шектен тыс жүктелген шекара өткелдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, блогер астық экспортына қатысты проблемалардың қалай пайда болатынын анықтады.