Сарапшылардың болжамы бойынша Қазақстандағы инфляция мен базалық мөлшерлеме өседі

Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады.

Brent маркалы мұнайдың бағасы, Қазақстан экономикасының өсуі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ теңге бағамы – сауалнаманың негізгі параметрі болды.

Мұнай бағасы мен экономиканың өсуі

Мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары барлық болжамды кезеңде төмендеді. 2025 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы 1 баррель үшін орта есеппен 69 АҚШ доллары деңгейінде, ал 2026 және 2027 жылдары тиісінше 64,7 және 65,6 АҚШ доллары деңгейінде болады деп күтіледі.

Дегенмен, Қазақстан экономикасының өсуіне қатысты болжамдар жақсарып отыр: 2025 жылға ЖІӨ өсуіне қатысты болжам – 5,2%-дан 5,6%-ға, 2026 жылға – 4,7%-дан 4,8%-ға, 2027 жылға – 4,4%-дан 4,8%-ға өсті.

Инфляция мен базалық мөлшерлеме

Сарапшылар инфляцияға қатысты болжамдарын өсу жағына қайта қарады. 2025 жылға жасалған болжамдардың медианасы 11,3%-дан 12%-ға, 2026 жылға – 9,5%-дан 10%-ға, 2027 жылға – 6,5%-дан 7%-ға дейін көтерілді.

Инфляцияға қатысты болжамдардың өсуіне байланысты респонденттер бүкіл болжамдық кезеңде базалық мөлшерлеме жоғары болады деп күтеді. 2025 жылға болжамдардың медианасы 16,5%-дан 16,6%-ға дейін, 2026 жылға – 14,3%-дан 14,8%-ға дейін, 2027 жылға – 11,3%-дан 12%-ға дейін сәл өсті.

Сауалнамаға қатысушылардың құрамы туралы

Сауалнамаға Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштерін талдап, болжаумен айналысатын 16 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді.

Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық Банк болжамдары кірмейтінін атап өтеміз. Ол қазақстандық және әлемдік нарықтағы жағдайдың дамуына қатысты нарықтағы кәсіби қатысушылардың тәуелсіз пікіріне, бағалауына және күтуіне жасалған шолудан тұрады.

Айта кетейік, Ұлттық Банк қазан айында базалық мөлшерлемені көтеру мүмкіндігі қарастырылатынын айтқан еді.