Сарапшы білім саласы бойынша қандай шешімдер керектігін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Білім саласында эксперименттер аз болуы керек. Бұндай пікірді «Нұр Отан» партиясының Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Юлия Кучинская айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағылшын тілінде оқытуды енгізу тұрғысында кейбір қиындықтар туындауда, яғни үш айдың ішінде мұғалімдерді қайда даярлау шаралары тиісті нәтиже бермейтіндігі айтылуда. Осы жұмыстарға қомақты қаржы бөлінуде. Алайда 3 айда білім беру деңгейінде тілді меңгеру мүмкін емес. Бұл бағытта біздің балаларды дайындау сапасын жоғалтуымыз мүмкін», - деді Ю. Кучинская «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі қарсаңында білім саласына арналған панельдік сессия кезінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол педагог мамандар өте жауапты адамдар екенін атап өтті.

«Әрине, біздің педагог мамандар өз ісіне жауапты адамдар, олар жергілікті жерлерде осы мәселелерді шешуге тырысуда. Алайда біз лайықты реформаларды жүргізуіміз керек. Жаңадан тағайындалған министр өзінің жұмысын мектептегі мұғалімнен бастады. Менің ойымша, ол мектептегі жағдайды жақсы білгендіктен, кейбір түзетулерді енгізуге мүмкіндік жасайды. Осыған дейін атқарылған жұмыстардың барлығы дұрыс болмады деп айтқан орынсыз болар еді. Негізі, аталған істі бастамасақ, біз бір орыннан жылжымайтын едік. Сондықтан бұл жұмысты бастағанымыз дұрыс болды», - деді Юлия Кучинская.

Сарапшының атап өтуінше, білім беру саласында эксперименттер аз болуы керек. Сәйкесінше, салыстыра тексерілген шешімдер іске асырылған жөн.