Сарапшы қазақстандықтарды санақшылардан жасырынбауды сұрады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Тимур Нұртаев санақ барысында алынған халық саны туралы деректер билікке мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен емханалардағы орын тапшылығымен күресуге, сондай-ақ мегаполис пен елде туындаған басқа да мәселелерді шешуге көмектесетінін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғамдық кеңес мүшесінің пікірінше, халық санағы – кез келген мемлекет үшін өмірлік маңызды оқиға. Олардың саны туралы мәліметтер қалаға жаңа мүмкіндіктер, соның ішінде қаржылық мүмкіндіктер ашуға көмектеседі.

«Алматы – қарқынды өсіп, белсенді дамып келе жатқан қала. Бізге тұрақты тұруға және жұмыс істеуге көптеген адамдар келеді. Бірақ тұрғындар неғұрлым көп болса, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымға жүктеме соғұрлым жоғары болады. Мегаполистің дамуын болашаққа жоспарлау үшін халық саны туралы нақты мәліметтер болуы қажет», – деп есептейді Тимур Нұртаев.

Ол санақ қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге қайта бөліп, көлік жүктемесін дұрыс жоспарлай алатынын айтты. Бұдан басқа, нәтижелер әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеу кезінде ескерілетін болады.

«Құрылыс компаниясының иесі ретінде халық санағы азаматтардың әлеуметтік маңызы бар нысандар мен инфрақұрылымға деген сұранысын анықтауға көмектесетінін атап өткім келеді», – дейді спикер.

Бұл санақтың ерекшелігі – сайттағы санақ парақтарының сұрақтарына жауап бере отырып, өзіңіз туралы деректерді желіде қалдыру мүмкіндігі

Алматы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Тимур Нұртаев жаңа форматты пайдаланып, санақтан онлайн өткенін тілге тиек етті.

«Құрылысшы ретінде маған тұрғын үй салуда қолданылған материал туралы сұрақ ерекше есте қалды. Бұл мемлекетке халықтың өмір сүру деңгейіне, тұрмыстық әл-ауқатына байланысты тұрғын үй қорының сапасы туралы нақты түсінік береді. Тек осылай ғана тұрғын үй саясатының, аумақтарды дамытудың ең тиімді бағытын таңдауға, біздің тұрғын үйіміздің сейсмикалық және өңірдің ерекшелігіне байланысты басқа да параметрлер тұрғысынан қаншалықты қауіпсіз екенін түсінуге болады», – деді ол.

Сарапшы қазіргі уақытта тұрғылықты жері бойынша пәтерлерді аралау кезеңі басталғанын және қала тұрғындарынан санақшылардан жасырынбауын сұрады.

«Халық санағы тұрғындардың табыс деңгейін, олардың түрлі игіліктермен қамтамасыз етілуін тіркейді. Осы ақпаратсыз мемлекет жәрдемақы мөлшерін, орташа жалақыны, есептік көрсеткішті және әрқайсымыздың әл-ауқатымызға байланысты басқа да деректерді саналы түрде жоспарлай алмайды», – деп толықтырды сөзін Тимур Нұртаев.

«Кері байланыссыз халықтың нақты сұранысын мемлекет толық анықтай алмайды. Сондықтан мемлекет пен халық арасындағы байланыс осы халық санағы арқылы іске асады. Санақ барысында әлеуметтік және инфрақұрылымдық шараларды қалай жүзеге асыру керектігі айқындалады. Демек, санаққа жаппай қатысу қажет. Митингіге барып, құр даурыққанша, санақтағы сұрақтарға жауап беріп, өмір сүру сапасын оң өзгертуге ықпал етуге болады. Өйткені, санақ сұрақтары азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған», – деді сарапшы.