Сарапшы Қазақстанның ЭРА-ГЛОНАСС жүйесінен «бас тартуына» қатысты пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ЭРА-ГЛОНАСС жүйесінің өшірілгені туралы бірқатар қазақстандық және ресейлік БАҚ-та жарияланған хабарға қатысты Ғарыштық техника және технологиялар институты директорының орынбасары Нұрлан Сатеров «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне өз пікірін білдірді.

Еске сала кетсек, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің Ғарыштық техника және технологиялар институты жол-көлік апаты орын алғанда жедел ақпарат беретін қазақстандық жүйенің (ЭВАК) әзірлеушісі болып табылады.

 «Қазақстанның ЭРА-ГЛОНАСС жүйесінен бас тартуы туралы хабар шындыққа жанаспайды, біздің еліміз аталған ресейлік жүйені пайдаланбайды, арада тек қана интеграция бар», - деді Н.Сатеров.

 «Аталған ақпарат ғаламтор беттеріне жарияланған соң, біз тез арада ЭРА-Глонасс операторларына хабарластық, олар РФ аумағында ЭРА-Глонасс жүйесінің өшірілуі туралы ақпаратты растамады», - деді ол.

«Біздің ЭВАК жүйесінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына келер болсақ, Қазақстанның ұялы операторларымен бекітілген шарт негізінде 112 Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметіне тіркелген қоңыраулар ғана түсетін  болады. Жалған қоңыраулар ЭВАК жүйесінің іріктеу орталығында тексеруден өтеді. Қазіргі уақытта ресейлік ЭРА-ГЛОНАСС жүйесінде де дәл осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді қазақстандық ЭВАК жүйесін әзірлеушілер өкілі.

Ол ЭРА-Глонасс жүйесінің өшірілуі туралы ақпаратты ғаламторға ҚР ЭВАК ГАИС жұмысында әлсіз құзіретке ие тұлғалар жариялады деген пікір айтты.

«ЭВАК жүйесі пилоттық режімде жұмыс істеуге толығымен дайын. Жақын күндері ҚР ИДМ Көлік комитеті ЭВАК жүйесінің операторын анықтауы тиіс. Барлық 14 облыс орталықтарының және Астана мен Алматы қалаларының ТЖ департаменттерінде ЭВАК жүйесі операторларының автоматтандырылған жұмыс орындары ашылды. «Біз ЭВАК жүйесін іске қосуға толық дайынбыз», - деп түйіндеді Н.Сатеров.