Сарапшы полиция қатарына қабылдау талаптарын қатаңдатуды ұсынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әскери билеттің ғана негізінде полиция қатарын толықтыру тәжірибесін тоқтату керек. «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов ҚазАқпараттың сұхбат алаңында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сұхбат барысында құқық қорғау органдарын реформалау туралы әңгіме өрбіген.

«Президент қаралы қаңтардан кейін де айтты, бірінші кезекте Ұлттық қауіпсіздік комитетінде ішкі реформа болады. Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінде де нақты реформалар жасалады. Үкіметке тапсырма да берген болатын. Реформаға келсек, оның екі жағы бар. Біріншіден, сарапшылардың көбі Грузияның тәжірибесін көрсетеді. «Саакашвили келген кезде 90-100 пайызға дейін люстрация жүргізу арқылы құқық қорғау саласын толықтай тазартты, нәтижесінде ішкі істер органдары жаңа деңгейге көтерілді» дейді. Бірақ бізде екінші мәселе бар. Ертең ішкі істер органдарына шын мәнінде толықтай люстрация жасаса, бұл халық арасында полиция өкілдеріне деген сенім тіптен түсіп кетеді. Яғни «Бұған дейін бәрі қылмыскер болған екен ғой. Бұған дейін бізді қорғау үшін жүрмеген екен» деген ой түсінік пайда болады. Бес саусақ бірдей емес қой», -деді сарапшы.

Оның ойынша, біздегі реформа құқық қорғау қызметіне жаңадан алынатын адамдардың писхологиялық дайындығына назар аударудан басталуы керек.

«Қазіргі таңда құқық қорғау органдарына бару үшін әскери билетің болса жетіп жатыр. Ол дұрыс емес. Прокуратура болсын, полиция болсын, оның ең басты мақсаты –қылмыстың алдын алу. Бізде алдын алу жағына емес, болған қылмыстың ізін аушға көп мән беріледі. Инспекторлардың тым болмаса апта сайын бір рет тұрғындарды аралап, пәтер иелерінің жиындарына қатысып, ата-аналарға, балаларға топ-топпен түсіндіру жұмыстары жүргізіп жүргенін қашан көрдіңіз бе? Бұл бір жағынан халыққа бір табан жақындау үшін керек», - деді Қазбек Майгелдинов.