«2022 жылы Қазақстан мен Сингапур арасындағы екіжақты сауда көлемі 1,9 миллиард долларға жетті. Екі елдің арасы қашық екенін ескерсек, бұл айтарлықтай көрсеткіш. Айта кету керек, бұл 2021 жылмен салыстырғанда шамамен 30% артық. Демек, екіжақты саудада динамика бар», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, екіжақты әріптестіктің басым бағыты қаржы саласы болмақ.
«Сингапурдың жетістігі туралы айтсақ, қазіргі табысты байланыстың көптеген себебі бар. Оның бірі – Сингапур Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі қаржылық хаб екені. Бұл ел АSЕАN елдері мен Қытай үшін де маңызды қаржылық хаб болып отыр. Батыс капиталының Азия нарығына кіретін терезесі де осы ел. Біз де осы схеманы құрып жатырмыз. Қазақстанда Астана халықаралық қаржы орталығы бар. Яғни, бір-бірімізден үйренеріміз көп» - деді ол.
Сарапшы Қазақстан Сингапур үшін мұнай, газ, металл сияқты табиғи ресурсымен ғана емес, сауда саласындағы әлеуетімен де қызықты.
«Сингапурдың жері шағын. Азық-түлікті түгел дерлік көрші елдерден импорттайды. Ал ауыз суды Малайзиядан алады. Қазақстан Сингапур үшін азық-түлік өнімдерін тасымалдау саласындағы сенімді әріптес бола алады. Сингапур Президенті ондағы компаниялардың Қазақстанмен әріптестікке мүдделі екенін, әсіресе көлік және логистика, құрғақ порттар бағытындағы бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті екенін айтты. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қазақстан аумағы арқылы өтетін жүк тасымалының артқанын көріп отырмыз. Сингапур компаниялары да осы жобаға қосыла алады. Оларға біздің елде көптеген мүмкіндіктердің есігі ашық», - дейді Ерсұлтан Жансейітов.