«Біріншіден, Мемлекет басшысы Қазақстанның алдағы әлеуметтік-экономикалық даму бағытын нақтылап берді. Үкіметтің алдында тұрған алғашқы міндет - халықтың тұрмысын көтеру және азаматтардың табыс айырмашылығын жою. Себебі Мемлекет басшысы Үкіметтің қазақстандықтардың орташа жалақысына қатысты дерегіне күмән келтірді. Президент айтқандай, «табыс – халық жағдайын жақсартудың басты факторы және болашаққа деген сенімі. Елімізде 1 млн-ға жуық адамның табысы күнкөрістің төменгі деңгейіне де жетпейтіндігі айтылды. Бұл - соңғы 10 жылдағы ең төмен көрсеткіш», - дейді Арман Тоқтышақов.
Сарапшының айтуынша, былтыр қолға алынған ұлттық жобалар халықтың өмір сүру деңгейі мен табысын көбейтуге бағытталуы тиіс.
«Екіншіден, кешегі жиында Үкіметтің алдағы жылдардағы жұмысы нақтыланды және жүйеленді. Яғни, қандай бағыттарға басымдық беру керектігі шешілді. Атап айтқанда, макроэкономиканың тұрақтылығы, экономиканы диверсификациялап, жаңа жұмыс орындарын ашу. Сонымен қатар халықты сапалы білім және медицинамен қамтамасыз ету. Жалпы Үкімет әзірлеп отырған бағдарламаның екі тұсы бар. Біріншіден, бағдарлама тез әзірленді және онда экономиканы дамыта түсудің негізгі көзі қарастырылған. Екінші жағынан бағдарлама халықтың несие алуы және инфляцияның құлдырауы секілді проблемаларды жүйелі түрде шеше алмайды деуге негіз бар», - дейді ол.
Спикер айтқан үшінші уәж - Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы қозғаған жайттардың стратегиялық емес, әлеуметтік-экономикалық сипаты басым.
«Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» компаниясын қайта реформалау керектігін айтты, Маңғыстаудағы мұнайшылардың мәселесін қозғады, АЭС салуға қатысты ойын ортаға салды, тағы сол сияқты. Бұл дегеніміз - Мемлекет басшысының қоғамдағы жайттардан терең хабары бар және болған жайттарға қатысты тез әрекет етіп, шұғыл тапсырма беріп отырады. Осылайша қоғамды толғандырған кейбір мәселелер шешімін тауып жатады. Үкіметтің алдағы мақсаты – халықтың табыс деңгейін көтеру және инфляциямен күрес», - деді А. Тоқтышақов.
Фото: time.kz