Сарапшылар алдағы жылдары да Қытай экономикасының өсу қарқыны баяулайтынын болжайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сарапшылар алдағы жылдары да Қытай экономикасының өсу қарқыны баяулайтынын болжайды. Бұл туралы бүгін Сенатта «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырылымы барысында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

Министр сөз арасында 2015 жылғы Қазақстан экономикасының даму қорытындыларына тоқталып өтті. Оның айтуынша, еліміздің экономикасы былтыр Ресей мен Қытай секілді саудадағы негізгі әріптес елдерде жағдайдың нашарлауы, сонымен бірге әлемдік тауар нарығындағы бағаның күрт төмендеуі секілді келеңсіз сыртқы факторлар әсерінде болды. «Мәселен, былтыр Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық бағасы 47,1 пайызға төмендеп, барреліне 52,4 долларды құрады. Металға әлемдік баға 21,1, астыққа 28,7 пайызға төмендеді. Бүгінде Қытайда экспорттық және инвестициялық өсу көздерінің ішкі тұтыну және қызметтер көрсету саласын ынталандыруға көшу процесі жүріп жатыр. Сарапшылардың болжамы бойынша, алдағы жылдары Қытай экономикасының өсу қарқыны баяулайтыны күтіледі. 2015 жылдың қорытындысы бойынша Қытай экономикасының өсуі 6,9 пайызды құраған, бұл соңғы 25 жылдағы ең төменгі деңгейді көрсетті.

«Орта мерзімдік перспективада бұл үрдіс сақталып, энергетика ресурстары мен металлдар сияқты Қазақстанның негізгі экспорттық позицияларына сұраныстың төмендеуіне әкеп соқтыруы ықтимал. Ресей экономикасы да былтырдан бері рецессия жағдайында. Былтыр ол елде ЖІӨ төмендеуі 3,7 пайызды құрады. Сарапшылардың бағалауынша, 2016 жылы Батыс санкциялары мен мұнай бағасының төмендеуі дағдарыс процесстерін күшейтіп, Ресейде ЖІӨ көрсеткіші одан әрі қысқара бермек. Бұл сауда және инвестициялық арналар арқылы Қазақстан экономикасына да жағымсыз ықпал етеді», - деді Е. Досаев.