Сарапшылар бұл олқылыққа қатысты басты екі себепті алға тартады: бірінші - жаңғырту жұмыстарының кеш басталуы. Оның салдарынан Балықшы қаласынан Шолпан ата қаласына дейінгі аралықтағы онсыз да апатты саналатын екіжолақты тар жолда қозғалыс мүлдем қаңтарылған. Екінші себеп - пансионаттар мен демалыс үйлеріндегі бағаның орынсыз көтерілуі, тіпті сарапшылар мұндағы сервистің төменділігін айтып, бағаның оған сай емес екенін алға тартады.
Қырғыздың туризм жөніндегі танымал сарапшысы Давран Османқұловтың айтуынша, Үкімет онсыз да кері кете бастаған жол құрылысын тоқтата тұру шешімін орынсыз қабылдап, жығылғанға жұдырық жасаған. «Процессті неге тоқтатты? Қазір жұмыс жүріп жатыр, бірақ тым баяу. Жаңғырту жұмыстарын тамыздың соңына таман аяқтаймыз дейді, одан келер пайда не? Бәрі «Көшпенділердің әлемдік ойындары» үшін жасалып жатыр. Сонда қатардағы туристер не істейді? Әлемдік тәжірибе спорттық жарыстардың инвестиция тартуға тиімді құрал екенін, оның ең құрығанда коммерциялық тұрғыдан тиімді екенін көрсетеді. Ал бізде тіпті промо-ролик те дайын емес», - дейді Давран Осмонқулов.
Оның айтуына қарағанда, баға мен сапаға қатысты мәселе де әлі жақсартуды қажет етеді. «Бұл ғана емес, біз көлімізді, өзендерімізді сақтай алмай отырмыз, табиғат, қоршаған орта да қамқорлық тілейді. Қазір шенеуніктерден гөрі қарапайым халық осыған қатысты көп нәрселер істеп жатыр. Тіпті туристер мемлекетке қарағанда көп үлес қосуда. Олардың түсірген ролигінің өзі не тұрады?! Ал қазірше біз туристерден уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, Ыстықкөлден керемет көңіл күймен қайтуын ғана тілейміз», - деді Д.Осмонкулов.