Сарапшылар онлайн-петицияны заңдастыруды ұсынуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - APEX Consult қадағалау кеңесінің төрағасы Данат Жумин қоғамдық петицияны енгізу бойынша жобалар енгізу жұмысы қандай деңгейде екендігін айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кету керек, бұл идеяны Данат Жумин былтыр «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысын басқарып жүрген кезде мәлім еткен болатын. Авторлар онлайн-петиция мәртебесін заңдық тұрғыда бекітіп, аталмыш жобаның тұжырымдамасын қабылдауды ұсынған еді.

«Біз былтыр қоғамдық петициялар институтын бастама етіп көтергенде, мемлекетті күшейтуді, одан әрі нығайтуды көздегенбіз. Пікірталасты фейсбуктан шығарып, аргументтерді, ұстанымдарды салиқалы талқылауға мүмкіндік беретін құрылымды ортаны құруды ойлаған едік. Ол алаңда адамдар өздерінің ең озық пікірлерін шоғырландырар еді. Мемлекет болса, оларға тыйым салғаннан гөрі, адамдар ұсынған ең қажетті ұсыныстарды іріктеп, мемлекеттік саясат деңгейінде енгізуді жолға қойғаны абзал. Егер ол бір мәселеге келіспеушілік танытса, өз дәлелін айтсын», - деді Жумин «Жаңғырту 3.0: экономикалық және саяси дамудың жаңа кезеңі» атты сарапшылық форумда.

Оның айтуынша, аталған идея жерде қалған жоқ және Парламент депутаттарының талқылауында.

«Біз бұны қолға алуды ұсындық, жұмыс тобы құрылды. Біз Парламент депутаттарымен жұмыс жасап жатырмыз. Үкімет басшысына да жеткіздік. Қазір заңнамалық процесс жүруде, бұны елімізде қалай енгізуге болады, шетелдік тәжірибе қандай деген сауалдар пысықталуда. Мемлекет бұдан қатер емес, пайда ретінде көрсе дейміз. Оның басты пайдасы - мемлекет пен xалық арасындағы байланыстың күшеюінде», - деді ол.