Сарапшылар смартфондардың адам өмірін қаншалықты «қысқартатынын» есептеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жүргізілген зерттеу барысында сарапшылар смартфондардың адам өмірін қаншалықты «қысқартатынын» есептеді. Пайдаланушылар жылына орташа алғанда 49 күнін гаджеттермен өткізетіні белгілі болды. Сондай-ақ сарапшылар смартфон иелері өзінің мобильді жабдықтарының экранына күніне үш сағаттан астам үңілетінін анықтады, деп жазады planet-today.ru.

Австралия аумағында өткен тәжірибеге 16-30 жас аралығындағы жастар өз еркімен қатысты. Ғалымдар егер адам 16 жасынан смартфондарды пайдалана бастаса, өмір ұзақтығы 80 жылды құраған жағдайда, өмірінің кем дегенде сегіз жылын гаджетпен өткізетінін анықтады. Тәжірибе көрсеткендей, орташа статистикалық пайдаланушылар күніне смартфон экранына шамамен 150 рет қарайды екен. Пайдаланушылардың 63 пайызы өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларын қараса, «смартфонға тәуелділердің» шамамен 50 пайызы видеороликтерді тамашалайды. Гаджет иелерінің көбі смартфондарында орнатылған 70 қосымшаның көп дегенде 10-ын пайдаланады екен.