Сарапшылар ұлттық мәдениетті сақтап қалу мәселесін талқылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында (ӘЭСИ) «Жаһандық бәсекелестік жағдайындағы қазақстандық мәдениет: күтілетін нәтижелер мен шынайы көрініс» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пікірталасқа Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері Шайзада Тоқтабаева,  Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Тарих және бейнелеу өнері теориясы» кафедрасының профессоры Ольга Батурина, «Алматы - Дом Мира» арт агенттігінің директоры Дина Дуспулова, ЮНЕСКО сарапшысы Евфрат Имамбек, режиссер-хореографтар Гүлмира және Гүлнар Ғаббасовалар, өнертанушы Гүлзада Омарова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова, «Мир Евразии» қорының жетекшісі Эдуард Полетаев, саясаттанушы, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев, саясаттанушы  Марат Шибутов сияқты сарапшылар қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысушылар мәдениет саласындағы жаңғыру мәселелері мен Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы басты тапсырмалар аясындағы дәстүрлі мәдениетті сақтаудың қазіргі тетіктерінің нәтижелілігін тілге тиек етті.

«Қазақ мәдениетінің дамуы үшін жан-жақты қолдау мен барынша қолайлы жағдай жасау Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Жаһандану процестерін тереңдету жағдайында дәстүрлі мәдениетті дамыту мен сақтау, оның ішкі және сыртқы сын-тегеуріндерге төтеп бере алу қабілетін арттыру ерекше маңызға ие», - деді өз баяндамасында ӘЭСИ Алматы өкілдігінің басшысы Асқар Нұрша.

Сондай-ақ сарапшылар Қазақстанның мәдени әл-ауқатын нығайту, Қазақстанда жасалған мәдени өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыру үшін сол өнімді пайдалану мәселелеріне де ерекше назар аударды.

Жиналғандардың сөзіне қарағанда, Қазақстандағы мәдени келісімнің бірегей моделі болып саналатын ұлттық мәдени код пен елдегі ұлттардың дәстүрлі құндылықтарын сақтауды қамтамасыз ету аса маңызды.