Сарапшылық кеңес отырысында Н. Назарбаевтың «Ұлт жоспары - 100 нақты қадамын» жүзеге асыру мәселесі талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 4 маусым күні ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаевтың төрағалығымен Астанада «Болашағы біртұтас ұлт» жұмыс тобы Сарапшылық кеңесінің отырысы болып өтті.

Сарапшылық кеңес отырысына жетекші қазақстандық сарапшылар, атап айтқанда, А. Сарым, Б. Байқадамов, Р. Қадыржанов, Ә. Кәукенов, Б. Нұрмұхамедов, Е. Сайыров, А. Сәдуақасова, Б. Рақышева, Ж. Жүнісова қатысты.

Отырыс барысында сарапшылар ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған 5 институционалдық реформа аясындағы «Ұлт жоспары - 100 нақты қадамды» жүзеге асыру мәселесі бойынша түрлі пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.

Осы күні Мемлекет басшысының 5 институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «Ұлт жоспары 100 нақты қадам» жобасы бойынша сарапшылық тобының мүшелері еліміздің өңірлерінде болды.

Сарапшылар тобы жұмысының негізгі мақсаты - Н.Назарбаевтың «Ұлт жоспары - 100 нақты қадамындағы» «біртектілік пен бірлік» төртінші бағытын талқылау.

Сарапшылар тобының құрамына ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, әлеуметтік блок министрліктері комитеттерінің төрағалары кірді.

Оңтүстік Қазақстан облысында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі М. Әзілханов ғылыми-сараптамалық қауымдастықпен, этно-мәдени бірлестіктермен, партия ұйымдарымен, профессорлық-оқытушылық құраммен, өңір жастарымен кездесті.

Ұлт жоспарының төртінші бағыты аясындағы кездесуді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғ. Шойкин де жүргізді. Кездесу Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өтті. Оған оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы, ғылым саласындағы зиялы қауым, оқушылар мен облыстың белсенді жастары қатысты.

Алматы қаласында Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі - Мемлекет басшысының бес институционалдық реформаларын іске асыру бойынша 100 нақты қадам атты Ұлт жоспарының сарапшылар тобының мүшесі А.Ғ. Балаеваның қаланың шығармашылық одақтарымен, үкіметтік емес ұйымдармен, этномәдени бірлестіктермен кездесуі өтті.

Өз сөзінде Аида Балаева барлық саланы (мәдениет, дін, БАҚ, мемлекеттік рәміздер, ҚХА, ҮЕҰ, білім беру, спорт) қамтитын егжей-тегжейлі жол картасы әзірленіп жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі күні қазақстандық қоғамды жаңғырту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін жұмыс жасауымыз қажет. ҮЕҰ, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым тарапының бар әлеуетін жұмылдырып, ҚХА қызметін, бірлік пен біртектілікті нығайту, «үлкен ел - үлкен отбасы» жобасын іске асыру, өңірлік мәдени-туристік кластерлер құру, Ұлт жоспарында қойылған міндеттерді ескере отырып, Мәдени саясат тұжырымдамасына толықтырулар енгізу мәселелері бойынша жұмысқа белсенді қатысу қажет», - деп атап өтті А. Балаева.

Өз сөзінде сарапшылар топтарының мүшелері Ұлт жоспары басымдықтарының маңызын, оны іске асырудың негізгі тәсілдерін ашып көрсетті.

Сарапшылық тобының жұмыс қорытындысы бойынша «Біртектілік және бірлік» бағыты аясында нақты қадамдарды іске асыру мәселелері бойынша ұсыныстар бір ізге түсіріліп, жүйеленді.