Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін В. Челахтың айтқан мәліметтері тексеріледі

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін В. Челахтың айтқан мәліметтері тексеріледі. Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, Владислав Челах қазіргі кезде Талдықорғанда тергеліп жатыр. Қазіргі кезде тиісті сараптамалық  шаралар жүргізіліп жатқандығына тоқталған ресми өкіл, «бізде күдіктінің айтқан мәліметтері ғана бар. Сараптама қорытындысын алғаннан кейін біз оның айтқандарын тексереміз», - деді.

Ресми өкілдің айтуынша, В. Челах ұсталғаннан бері ол бұл қылмысқа қатысты әрекеттерін мойындап отыр.

«Адвокаттың қатысуымен жауап алу кезінде В.  Челах өзінің әскери қызметтестерін және Руслан Кимді өлтіргендігін мойындады. В. Челахтың айтуынша, қылмысты жасауға ішкі қақтығыстар және түсіндіруге жатпайтын есінің бұзылуы себеп болған. Қылмысты жасауға көмектескендер мен басқа қатысушылардың бар болғандығын Челах үзілді-кесілді теріске шығаруда», - деді Н. Сүйіндіков.