Оның сөзінше, ауқымды жобаның екінші фазасы 8 компоненттен тұрады. Ол республикалық бюджеттен және Дүниежүзілік банк заемы есебінен екі кезең бойынша жүзеге асырылады.
«ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қызылорда облысындағы жұмыс сапары барысында Арал қаласында болған кезінде Премьер-Министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевке Солтүстік Арал жобасын және Қызылорда облысындағы суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту бойынша жобаларын іске асыру барысын қарап, қажетті ұсыныстар әзірлеуді тапсырды», -деді облыс әкімінің орынбасары.
Осы жылдың 27 сәуірінде өткен кеңесте мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен аталған мәселелер жан-жақты қаралды. Оған ауыл шаруашылығы, қаржы, ұлттық экономика, сыртқы істер, индустриялық даму, ішкі істер министрліктері, Қызылорда облысының әкімдігі, гидротехниктер, «Казгипроводхоз» жобалау институты, халықаралық Аралды құтқару қоры мамандары қатысты.
Мәжілісте еліміздің бюджеті есебінен Солтүстік Арал жобасының кейбір компоненттерін жүзеге асыру бойынша бұрын қабылданған шешімдер, сондай-ақ Көкарал бөгетінің беріктігін қамтамасыз ету мен Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру бойынша алғашқы кезектегі шаралар барысы қаралды. Аталмыш жобаның екінші фазасы 8 компоненттен тұрады. Жалпы, бұл жобаны 2 кезеңде жүзеге асыру жоспарланған.
Алғашқы кезеңде - 6, ал екіншісінде - 2 компонент жасалады. Дүниежүзілік банктен қаржыландыру рәсімдерінің созылуына байланысты Қызылорда облысы әкімдігінің ұсынысы бойынша Үкіметпен САРАТС-2 жобасының алғашқы кезеңін жүзеге асыруды республикалық бюджет есебінен Дүниежүзілік банк қаражатынсыз бастау жөнінде шешім қабылданды.
Қызылорда су торабын кешенді жөндеу компоненті бойынша ауыл шаруашылығы министрлігі инвестициялық ұсыныс әзірлеп, Ұлттық экономика министрлігінің экономикалық қорытындысы алынды. Қаржы министрлігіне жоба-сметалық құжаттар әзірлеу үшін 198 млн. теңге бөлу жөнінде бюджеттік өтінім тапсырылды.
«Биыл республикалық бюджетті нақтылау барысында қаражат бөлу жоспарланып отыр, Су торабы 2019 жылдан бастап жөнделеді. Жалағаш ауданындағы Тұрымбет және Қорғанша учаскелерінде Сырдария өзенінің арнасын түзету және Қармақшы, Қазалы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту компонентері бойынша облыстық бюджет есебінен ЖСҚ әзірленді. Ол жөнінде 2018 жылғы 28 наурыздағы мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар. Жобалар «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» Жол картасы шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Қазалы ауданының Бірлік ауылы маңында автомобиль көпірін салу компонент бойынша облыстық бюджеттен жобаның ТЭН-ін әзірлеуге 20,9 млн. теңге бөлінді. ТЭН және ЖСҚ әзірленгеннен кейін республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін аталған компонент инвестициялар және даму министрлігіне ұсынылады. Компонент Өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде 2019 жылдан бастап жүзеге асырылады»,-деді С.Қожаниязов.
Ал Қамыстыбас пен Ақшатау көлдер жүйелерін қалпына келтіру компоненті бойынша төмендегі іс-шаралар жасалады. Облыс әкімдігі осы жылы көлдер жүйесін құжаттандырып, Су ресурстар комитетінің бөлімшесінің теңгеріміне береді. Компонент Су ресурстар комитетінің ағымдағы бюджеттік бағдарламалары шеңберінде іске асырылады.
Облыс әкімінің орынбасары Қамыстыбас балық өсіру питомнигінің Тастақ учаскесіндегі балық өсіру тоғандарын кеңейту компоненті бойынша мынадай жұмыстар жасалатынын жеткізді.
«Балық шаруашылығы Комитетінің ұсынысы бойынша аталған компонентке өзгерістер енгізіледі. Балық өсіру питомнигінің тозғанын ескерсек, бірінші кезекте Камыстыбас балық өсіру питомнигінің өзі қайта жаңғырудан өткізіледі, содан кейін «Тастақ» учаскесіндегі балық өсіру тоғандары қайта жаңғыртылады. Компонент балық шаруашылығы Комитетінің ағымдағы бюджеттік бағдарламалары шеңберінде іске асырылады. Осылайша, Дүниежүзілік банктың заемынсыз САРАТС-2 жобасының екінші фазасының бірінші кезеңін жүзеге асыру бойынша жұмыстар басталды деп айтуға болады», деді ол.
Талқылау қорытындысы бойынша Солтүстік Арал жобасын іске асыру жөнінде келісілген екі кезеңнен тұратын ұсыныстар әзірленді. Бірінші кезеңде ҚР бюджеті есебінен Дүниежүзілік банк заемынсыз Көкарал бөгетінің беріктігін қамтамасыз ету және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру жұмыстары басталмақ. Жоба Көкарал бөгеті мен су жіберу құрылысын нығайтуды және Сырдария өзенінің «Қарашалаң» және «Тұщыбас» көлдері арқылы өтетін арналарын қалпына келтіруді көздейді.
«Дүниежүзілік банк заемы есебінен екінші кезеңде төмендегі жұмыстар жасалады деп жоспарланып отыр. Мәселен, Арал өңірінің одан әрі дамыту және экологиясын жақсарту бағдарламасын әзірлеу және іске асыруға мән беріледі.. Құрамында коллекторлық-дренаждық суларды Арал теңізіне бұру мүмкіндіктерін қарастыру бойынша «Суармалы жерлердің ирригациялық-дренаждық жүйелерін жетілдіру» жобасын іске асыру көзделген. Жобаның жүзеге асырылуы әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына мүмкіндік береді. Әсіресе ауыл халқының, суармалы жерлердегі су шығынын азайтып, Аралға судың түсуін арттырады. Көкарал бөгетінің төменгі жағында гидрологиялық және орман-мелиорациялық жұмыстар жүргізіледі. Бұл өз кезегінде сулы-батпақты алқаптарды қалыптастыру есебінен Арал өңірінің экологиясын жақсартады, теңіздің шығыс жағалауы бойында жасыл белдеудің құрылуы жағалаудағы елді мекендерді құм көшкінінен сақтауға мүмкіндік береді», деді С.Қожаниязов.
Сонымен бірге, екінші кезең шеңберінде Сырдария өзенінің бассейнінде автоматтандырылған су есептегіш жүйені құру жоспарлануда.
Әділжан Үмбет
Фото: livejournal.com