«Өткенге құрметпен қарағанымыз жөн. Қазақтың қай-қай жері де қасиетті, тұнған тарих. Осындай киелі мекеннің бірі - Қазақ хандығының астанасы - Сарайшық қаласы болып табылады. Сарайшық өзге қалалармен қатар, Ертістен Дунайға дейінгі Ұлан байтақ өлкені билеген, кейінірек Алтын Орда аталған империя - Жошы ұлысының кезінде салынған. Сарыайшық Қасым ханның басшылығымен қазақ хандығының астанасы атанған. Жібек жолының маңызды бағытында орналасқаннан кейін, Сарыайшық сол заманғы ең дамыған және сәулетті қалалардың бірі болды. Бұл қалада XIV ғасырда Жәнібектің және Бердібектің Алтын Орданың хандық таққа отыру рәсімдері өткен. Бұл жерде кезінде үш жүзге толықтай мойындалған жеті хан жерленген», дейді депутат. Оның айтуынша, осынау қалада табылған және әлі табылмаған мұралардың қазақ елі үшін орыны бөлек. Бірақ та, жыл сайын су тасыған кезде 5-10 метрге дейінгі жерін құлатып, Сарайшық қаласының қалдығы Жайыққа жұтылып бара жатыр.
«Қазір де қала орнында шашылып жатқан адамның сүйектерін көруге болады. Егер өзен бағытын өзгертпесек, жақын арада қаладан түк қалмайды. Ал бұл біздің өткен заманымыздың тарихына үлкен зиян. Қаланың қалған бөлігін құтқаруға жалғыз жолы бар, ол - бекініс салу», - дейді А. Перуашев. Оның сөзіне қарағанда, қаланы ағыстан қорғайтын бекініс мәселесі жақында шешілмесе, онда ұрпақ үшін аса маңызды, құндылығын ешқандай ақшамен өлшей алмайтын тарихи жәдігермен мәңгілікке қоштасуға мәжбүрміз.
«Сондықтан да Қазақ хандығының алғашқы астанасынан қалған асыл мұраны сақтап қалу үшін барынша күш салғанымыз игі еді», - деді депутат.