Sarbaz 2.0: Жасанды интеллект ЖОО-ға түсу процесін жеңілдетеді

Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Енді жас сарбаздардың жоғары оқу орындарына түсу процесі жеңілдей түспек. «Sarbaz 2.0» жобасы аясында жасанды интеллект элементтері енгізіліп, кейбір процестер автоматтандырылады. 

Бұл туралы бүгін «Қазақстан Республикасындағы Қарулы Күштердің цифрлық трансформациясы» баспасөз конференциясында Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев мәлімдеді.

– Біз «Sarbaz 2.0» жобасы аясында жасанды интеллект элементтерін енгізуді қарастырып жатырмыз. Олар ЖОО берген ұсынымдарды пайдаланушы профилі арқылы бағдарламаларды таңдауды, құжаттарды автоматты түрде тану мен тексеруді, сондай-ақ оқу үлгеріміне талдау жүргізуді және ЖОО-ға түсу бойынша ұсынымдар беруді қамтиды. Пайдаланушы SMS немесе e-mail арқылы хабарлама алады. Ал басшылық осы портал арқылы статистиканы бақылап, талдау жасай алады. Жобаға енгізілген чат-бот жиі қойылатын сұрақтарға жауап бере алады. Бұл бойынша қазір жұмыстар атқарып жатырмыз, – дейді Дархан Ахмедиев.

Еске сала кетейік, бұған дейін 20 мың жігіттің әскерден қашып жүргені туралы хабарлаған едік.