Сарбаздар балаларды өрттен құтқарды

АСТАНА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерінің №5513 әскери бөлімінің сарбаздары Тараз көшесінде кезекшілік атқарып жүрген кезде көпқабатты үйдің үшінші қабатында өрт шыққаны туралы айқайды естиді.

Дереу әрекет еткен олар тиісті орынға хабар береді де, сол жерге бет алады.

Кейін мәлім болғандай, өртке оранған пәтердің ішінде үш бала қалып қойған. Сарбаздар жанып жатқан пәтердің есігін ашып, балаларды қауіпсіз жерге алып шығады. Содан кейін олар өз күштерімен өртті сөндіреді.

Құтқарылған балалардың анасы Гүлзахира Әбдезова кіші сержант Әлімбек Байтуовқа, қатардағы жауынгерлер Айбар Сағынғалиев пен Замирбек Машаевқа және бөлім қолбасшылығына алғысын білдіріп отыр.

Міндеттерін адал атқарғандары және қоғамдық тәртіпті күзету жөніндегі қызметтерінде қырағылық танытқандары үшін бұл жауынгерлер әскери бөлім командирінің алғысымен атап өтілді және Ішкі әскер қолбасшысының атынан марапатқа ұсынылды.