Сарбаздар киімі мен туларға камера орнатылды: Президент Телерадиокешені мен Jibek Joly әскери шеруді қалай түсірді

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадты көргісі келген барлық адам алаңға сыймас еді. Дегенмен заманауи технологиялар арқылы көрермендер Қазақстан армиясы мен әскери техника қуатын LED және теледидар экрандарынан тамашалап, оқиғаның бел ортасында жүргендей әсер алды. Осы орйда әскери шеруді тікелей эфирде көрсеткен Президент Телерадиокешені мен Jibek Joly мамандары түсірілім жұмыстары қалай жүргенін айтып берді.

Заманауи техникалар

Президент Телерадиокешенінің техникалық-өндірістік қызмет басшысы Ерболат Кәкімбаев әскери парадты түсіруде қолданылған заманауи құрал-жабдықтар туралы айтып берді.

− Биыл біз көрерменге үлкен әсер беру үшін технологиялар үйлесіміне басымдық бердік. Әсіресе ең күрделі бөлік − парад кезіндегі дрондардың қозғалысын басқару. Біз алдын ала DJI Terra секілді бағдарламада жердің 3D-моделін жасап, арнайы маршруттар құрдық. Дрондардың ұшуын режиссер сценарийімен секунд-секундына дейін синхрондау маңызды: мысалы, БТР жүрген сәтте дрон көтерілуі керек болса, бір ғана қате салдарынан кадрды түсіріп үлгермеуіміз мүмкін. Оның үстіне жел ең мінсіз деген жоспарды да өзгертуі мүмкін, − деді Ерболат Кәкімбаев.

Фото: Kazinform

Телерадиокешен операторлары DJI Inspire 3 және FPV дрондарымен сарбаздардың сап түзеу панорамасын және парад үстіндегі көріністерді түсірген. Әскери техникаларға, сарбаздардың киіміне және туларға GoPro Hero 11 камералары орнатылып, шеру ортасындағы кадрлар түсірілген. Ал колонналар бойымен динамикалық түсірілімдер мен кадрдағы нысандарды ауыстырып отыру үшін өрмекші кран – Spidercam пайдаланылды. 

− Кран кадрға кинематографиялық жұмсақтық береді, бірақ асқан дәлдікті талап етеді. Мысалы, ту ұстаған сарбаздар жасағы өткенде оператор құрылымдарға тиіп кетпеу үшін кранның қозғалыс жылдамдығын, объективтің фокус арақашықтығын және траекториясын ескеріп отыруы керек. Біз биіктігі мен жылдамдығын бір мезетте өзгертуге мүмкіндік беретін электромоторлы Wirecam жүйесін қолдандық, − деді Е. Кәкімбаев.

Фото: Kazinform

GoPro камерасы қарапайым құрал болып көрінгенімен, оның да өз қиындықтары бар, деп атап өтті маман. Оның шағын формасы бір жағынан ыңғайлы, екінші жағынан қиындығы да бар. Камера бронетехникада дірілдемеу үшін арнайы гиротұрақтандырғыш платформаларға орнатылды.

Фото: Kazinform

− Тағы бір мәселе − барлық GoPro-да уақытты синхрондау болды. Егер камералардың уақыты бір секундқа да өзгеріп кетсе, монтаждау азапқа айналады. Мұндай көп құрамды түсірілімдегі ең қиыны – барлық жүйелерді нақты уақытта үйлестіру. Мысалы, дрон әуеде, кран рельс бойымен қозғалып жатыр, жерде үш оператор түсіріп тұр — мұның бәрі біртұтас картинканы шығаруы керек. Біз жедел түстікоррекция үшін Live Grade жүйесін, ал ракурстарды бақылау үшін ShotDeck жүйесін қолдандық. Байланыста аз ғана кідіріс болса, дубль сәтсіз шығады, − дейді Е. Кәкімбаев. 

Техника импровизацияны көтермейді, сондықтан шеберлікті шыңдап, түсірілімді бірнеше мәрте қайталап, пысықтау маңызды.

Фото: Е. Кәкімбаевтың жеке мұрағатынан

− Әрбір көрініс бұрышы, әрбір секунд формула секілді есептелуі қажет. Және әрқашан қосалқы камералар болуы керек, себебі парадта екінші мүмкіндік берілмейді. Бірақ ең басты құпия — ең озық технологияның өзі жобамен бірге жұмыс істей алатын команда болмаса, ештеңе бере алмайды. Біз 28 адамнан құралған «цифрлық экипажды» қалыптастырдық, бұл өз нәтижесін берді, − деп қорытындылады Е. Кәкімбаев.

Фото: Kazinform
Фото: Kazinform

 

Тікұшақ пен танктен хабар таратқан тілшілер

Jibek Joly телеарнасының тәжірибелі тілшісі әрі жүргізушісі Әнуар Кәрбозов бұған дейін де танк ішінде түсірілім жасап, 2 жыл бұрын «Батыл тойтарыс» оқу-жаттығуында бронетранспортерден репортаж жүргізген. Алайда журналист кәсібінің ерекшелігі — үнемі жаңа белестер мен сын-тегеуріндерге ұмтылу. Бүгін Әнуар парад кезінде тікұшақтың ішінен тікелей эфирде стендап түсірді.

− Әсер керемет! Мұны алғашқылардың бірі болып жасадық-ау, мұндай эксклюзив әлі ешбір телеарнада болмаған. Бүгін барлық жаңа техникаларды – СУ-27, СУ-25, СУ-30СМ, A-400M, L-410 тікұшақтарын көрдік. Тікұшақ есіктері ашық болғандықтан, адреналин шарықтап кетеді. Ұшқыштар бізден аса мұқият, сақ болуды өтінді. Стендапты екі оператормен және дронмен түсірдік. Осындай жанды, қозғалысы көп түсірілімдерді жақсы көремін, онда драйв, динамика сезіледі, − дейді Ә. Кәрбозов.

Жүргізушінің айтуынша, әскери парад – жай ғана мереке емес, елдің әскери қуатын көрсететін мүмкіндік. Соңғы бірнеше жылда елімізде парад өтпегенін ескерсек, биылғы шараның ауқымы айрықша болғаны анық.

Jibek Joly телеарнасының тілшісі Асылбек Тойбек алғаш рет әскери техника ішінен репортаж жасады: ол ҚР ІІМ «Бүркіт» жасағымен бірге Қазақстанда жасалған «Барыс 6×6» брондалған көлігінің ішінде болды. Бұл техникаға 11 адамға дейін сияды.

− Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Сол сарбаздардың жанында отырып, өзіңді де бір сәтке әскери адамдай сезінесің. Біз де форма кидік. Ең есте қалғаны — сарбаздардың дайындығы, қобалжуы. Олар техника ішінде отырғанымен, сырттан ештеңе көрінбесе де, әрбір деталь анық ойластырылған. Әскери тәртіп бірден байқалады: олардың отырысы да тіп-тік, жинақы еді, − дейді А. Тойбек.

Оператор Ильяс Түлқібай да зор тәжірибе жинады: шағын көлік ішінде телекамераны пайдалану қолайсыз болғандықтан, тар кеңістікте жарық қойып, төбеге тимеуге тырысып, Ronin фотоаппаратына түсіруге тура келді.

Фото: Видеодан алынған кадр

Jibek Joly телеарнасының тілшісі Тамерлан Тілеубаев бұл Жеңіс парадында алғаш рет жұмыс істеді және бұл оның есінде ұзақ сақталатын түсірілімдердің бірі болды.

− Парад саптарының жанында тұрып, олардың қадамының ырғағымен бірге жүрегіңнің де соғып тұрғанын сезесің. Біз алаңнан тікелей эфир жүргіздік. Онда Оңтүстік, Шығыс, Батыс және Астана өңірлік қолбасшылықтарының әскери қызметкерлері сап түзеп өтті. Олардың нақты әрі жинақы жүрісінде күш, тәртіп, тарих жатыр. Құрлық әскері, теңіз жаяу әскері, авиациялық бөлімшелер, арнайы жасақ, инженерлік бөлімдер және химиялық қорғаныс сарбаздары – бәрі бір ырғақпен, толық жарақтанып сап түзеді. Бір кезде соғыс жылдарындағы аңызға айналған техника өте бастады. Бұл Т-34, зениттік қондырғылар, реактивті жүйелер еді. Әрбір машина сол дәуірдің тірі ескерткіші секілді, − дейді Т. Тлеубаев.

Фото: Kazinform
Фото: Kazinform

Бұған дейін әскери қызметшілердің Жеңіс мерейтойына арналған салтанатты шеруге қалай дайындалғанын жазған едік.