Сардинияда туристен аралдан алып кетпек болған 40 келіден астам құм мен тастар тәркіленді

АСТАНА. КАZINFORM — Кеден қызметкерлері Порто-Торрес портында Францияның Тулон қаласына баратын паромға мінгелі тұрған 69 жастағы француз әйелді тоқтатты. Шетелдік нөмірдегі көлікті тексеру кезінде орындықтардың астынан құм, малтатас, ірі тастар мен ұлу қабыршақтары табылған, деп хабарлайды Bild .

Фото: Bild

Италия билігінің мәліметінше, турист бұл заттардың бәрін Сардинияның солтүстік-батысындағы Ле Салине ди Стинтино жағажайынан жинаған. Бұл аймақ ақ құмы және ашық түсті малтатастарымен танымал. Алайда мұндай «кәдесыйларды» аралдан алып шығуға заңмен тыйым салынған.

Әйелге 500-ден 3000 еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін. Тәркіленген құм, тастар мен ұлу қабыршақтары әзірге Порто-Торрес кеденінде сақтаулы, кейін оларды жағажайға қайтару жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Түркия кедені төрт айда 750 млн долларлық контрабанданың жолын кесті.