Сарыағаш әкімдігі Болат Назарбаевтың ісін желеу етіп, басқа кәсіпкердің шипажайын тартып алған — Перуашев

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Бас прокурорға активтерді қайтару желеуімен рейдерлікке тап болдық деген кәсіпкерлердің шағымдарын жолдады.

— Мәжілістегі «Ақжол» фракциясы адал жұмыс істеп жүрген бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу фактілері туралы, оның ішінде активтерді қайтару желеуімен тартып алу фактілері жөнінде ондаған сауал жолдағанын еске салуға мәжбүрмін. Мысалы, марқұм Болат Назарбаевтың активтерін қайтару желеуімен Сарыағаш аудандық әкімі мүлде басқа кәсіпкерлер Қаржы министрлігінің ашық аукционынан сатып алған санаторийді сот арқылы тартып алды. Есесіне Болат Назарбаевтың өзіне нысандарды шусыз қайтарып берген. Басқа да мысалдар болды. Өкінішке қарай, ол сауалдардың бәріне бірдей мемлекеттік органдар тиісті деңгейде назар аударған жоқ. Сондықтан біз Бас прокуратураның Президент Жолдауынан кейін аталмыш санаторий ісі бойынша бірден қарсылық білдіргенін жоғары бағалаймыз, — деді депутат.

Азат Перуашев осыған ұқсас сауалдарды Қостанайдан, Ақтаудан, Тараздан түскен шағымдар бойынша жолдағандарын еске салды.

— Президент Жолдауын орындау аясында «Ақжол» фракциясы Бас прокуратураға бұған дейін активтерді қайтару желеуімен рейдерлікке тап болған адал кәсіпкерлер туралы сауалдарын қайталап жолдайды, — деді Азат Перуашев.

Айта кетейік, Мәжіліс Құрылыс кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.