Сарыағашта көрші баланы қасақана өлтірген жасөспірім қылмыстық жауапкершіліктен босатылды

Фото: Pixabay.com

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ауыр қылмыс жасады деп айыпталған жасөспірімге қатысты іс қаралды.

Тергеу деректеріне сүйенсек, бірінші жағдай 2024 жылдың 16 мамырында, Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Сіргелі ауылында болған. Жасөспірім ауладағы әжетхана шұңқырына 2021 жылы туған көрші баланы күштеп итеріп, қасақана өлтірген.

Ал, екінші жағдай 2024 жылдың 13 шілдесінде тіркелген. Бұл жолы айыпталушы 2019 жылы туған тағы бір көрші баланы сол тәсілмен өмірінен айыруға әрекеттенген. Алайда, бұл әрекеті жүзеге аспай қалған.

Сот отырысы барысында ұсынылған кешенді сот-психиатриялық және психологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, сотталушы «шизофрения симптомдары қабаттасқан жіті полиморфты психоздық бұзылу» диагнозына шалдыққаны анықталды. Соның салдарынан ол оқиға болған сәтте өзінің әрекеттеріне толық есеп бере алмаған және олардың мәнін дұрыс түсіне алмаған.
2025 жылы сотпен тағайындалған қосымша кешенді қайталама сараптама да осы диагнозды растады.

— Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 16-бабына сәйкес, ақыл-есі дұрыс емес күйде қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Осыған орай, 2025 жылдың 5 наурызында сот сотталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, оны интенсивті бақылаумен мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда медициналық сипаттағы мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, жәбірленушілердің талап арыздары ішінара қанағаттандырылып, заңды өкілінен 20 млн теңге өндірілетін болды. Сот қаулысы заңды күшіне енді, делінген Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында мұғалім 14 жастағы қызды зорламақшы болғанын жазған болатынбыз.