Сарыағашта медиация тәртібімен татуласушылар көбейген
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Сарыағаш аудандық сотының судьялары аудан тұрғындарымен кездесті. Жиынға медиаторлар мен ауылдық округ әкімдері де қатысты.
Жиынға төрағалық етуші А.Малаева дөңгелек үстелді ашып, ауыл округ әкімдеріне қазіргі таңда өзекті мәселе-медиация тәртібін қолдану арқылы татуластыруды насихаттау қажеттілігін түсіндіріп, осы бағытта біргелесіп жұмыс атқаруға шақырды. Халықтың жағдайын жақсарту үшін сотта істердің татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы аяқталуы маңызды екенін түсіндірді.
Судьялыққа тағылымдамадан өтуші М.Агибаева банктерге, микроқаржы ұйымдарына қарыз азаматтардың саны артқанын, сол азаматтардың басым бөлігі ауыл тұрғындары екенін айтып өтті.
Қарыз ақша өндіру туралы сотқа арыз келіп түскен кезде, арыз өндіріске қабылданар алдын медиатор міндетті түрде жауапкер мен талапкерге дауды татуластыру шараларын қолдану арқылы аяқтауды ұсынады, сол сәтте жауапкерлердің сотқа келуі өте өзекті мәселе екенін түсіндірді. Ауыл округ әкімдерінен өздеріне қарасты ауыл тұрғындарын сотқа келуіне ықпал жасауды сұрады.
Сондай-ақ, кездесуде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру ісіне басымдық беру керектігі айтылды.
Жиын соңында судьялар қатысушылардың сұрағына толық жауап беріп, істеріне сәттілік тіледі.
«Дауды медиация тәртібімен реттеудің тиімділігі» тақырыбындағы дөқңгелек үстел онлайн форматта жалғасын тапты.
Іс шараны судья А.Малаева ашып, сотқа түскен дауларды татуласу рәсімдерімен реттеудің тиімділігі мен маңыздылығына кеңінен тоқталып өтті. Бүгінгі күні микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктерімен берілген бірқатар талап қоюлар медиация тәртібімен реттелгенін атап өтіп, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстардың тұрақты жүргізілетінін жеткізді. Іс-шара барысында қатысушыларға сотта дауды медиация тәртібімен реттеу сатысында татуластыру рәсімдерін өткізу мүмкіндіктері түсіндірілді.
Сонымен қатар қазіргі таңда сотқа банк, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктерден арыздардың басым бөлігі орыс тілінде түсуіне байланысты мемлекеттік тілдің көрсеткіші төмендегенін айтты. Аудан тұрғындарының көпшілігі қазақ халқы болуына байланысты алдағы уақытта талап қоюларды мүмкіндігінше мемлекеттік тілде беруді ұсынды.
Іс-шараны қорытындылған судья А.Малаева қатысушыларға алғысын білдіріп, халық үшін бірге атсалысып жұмыс жасауға шақырды.