Сарыағашта мүгедектігі бар баланы еденде сүйреген қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Фото: Фото: polisia.kz

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Жеткіншек даун синдромымен науқастанған.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, жекеменшік орталықта тәрбиеленіп жатқан ер баланы арт-терапевт еденде аяғынан сүйреген.

Сондай-ақ, бұрышқа тұрғызып, физикалық күш қолданған. Мекеме қызметкерінің бұл әрекеті видео арқылы көпшілікке тарап кетті. 

Ал, Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 140-бабы «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша қылмыстық іс қозғалғандығын мәлімдеді. 

- Оқиғаға қатысушылар полицияға жеткізіліп, оның ішінде заңды өкілдерінің қатысуымен жауаптар алынды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізілуде, нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданатын болады.

Сондай-ақ бұған дейін полицияға осы факт бойынша ешкім арыз-шағым түсірмегені анықталды. Іс Түркістан облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында, - делінген ақпаратта. 

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында қызғалдақ жұлған тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалғандығын жазған болатынбыз.