Сарыағаштағы 5 жасар қыздың өлімі: педофилді тексерген пробация қызметкері сотта жауап беруде

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Сарыағаштағы 5 жасар қыздың өлімі: педофилді тексерген пробация қызметкері сотта жауап беріп жатыр.

Фото: Kazinform

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, пробация бөлімнің қызметкері салғырттық, яғни абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан, өз міндеттерін тиісінше орындамау, қызметіне адал қарамау, ұқыпсыз қарау салдарынан қоғамға қауіпті іс-әрекеттер жасаған – деп айыпталып отыр. Іс бойынша 57 куәгерден жауап алынуда.

Айта кетейік, Сарыағаш ауданында 5 жасар қыз баланы азаптап өлтірген күдікті 2006 жылы 10 жылға сотталған. Ал өткен жылдың мамыр айында ішімдік ішіп, жанжал кезінде ауылдасын балтамен ұрғаны үшін 3 жылға бас бостандығы шектелген. Сондықтан салғырттық танытқан пробация қызметкерлеріне прокуртура тарапынан тексеру жүргізілген болатын.

Президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.

Пышақ жарақатынан қайтыс болған қыздың денесі сот-медициналық сараптамадан өткеннен кейін 14 шілде күні жерленді.