ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Сарыағаш ауданында мектептегі әрлеу жұмысынан кейін уланған оқушылар мен мұғалімдердің саны тағы да өсті. Бүгін 6 мұғалім мен 2 оқушы жергілікті емханаға қаралып, алғашқы медициналық көмек алды.
«Барлық қаралушылардың жағдайы қанағаттанарлық, стационарлық көмекті қажет етпейді. Барлық қаралған науқастар медицина қызметкерлерінің қатаң бақылауында. Оларға түтіндер мен булардың токсикалық әсері деген диагноз қойылды» - делінген Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ұсынылған ақпаратта.
Айта кетейік, кешегі күні Жартытөбе ауылдық округіндегі Ынтымақ ауылында орналасқан N9 Майлықожа атындағы орта мектебінде мұғалімдер мен оқушылар химиялық заттан уланып қалған болатын. Мектептегі әрлеу жұмыстарынан соң ондағы 30-ға жуық оқушы мен 10-нан астам ұстаз өзін жайсыз сезініп, дәрігердің көмегіне жүгінген.
Қайрат Зайнишев
Шымкенттегі М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ түлегі. Еңбек жолын «Ақиқат-Истина» газетінде тілші болып бастады. Кейіннен «Шымкент келбеті», «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен «Ernur.kz» сайтында тілші, «Кентау шұғыласы» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. Республикалық «Экспресс К» сайтының Түркістан облысындағы тілшісі болды. 2021 жылдан бастап «Kazinform» агенттігінің Түркістан облысындағы тілшісі қызметін атқаруда.